Жалағаш ауданында малшы несиеге алған сиырларын сатуға мәжбүр болып қалды

Жалағаш ауданында малшы несиеге алған сиырларын сатуға мәжбүр болып қалды

Қызылорда облысында 180 шаруа субсидияға қол жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Хабар 24.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға мемлекеттен кепілді түрде берілуі тиіс қаржының сомасы 300 миллион теңгеден асып кеткен. Жалағаш ауданы Еңбек ауылының тұрғыны Бейбітшілік Толыбаев «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 15 миллион теңгеге алған 38 бас асыл тұқымды ірі қараны бағып отыр. Келісім-шарт бойынша агронесие 14%-пен беріліп, төлемнің 10%-і мемлекет тарапынан субсидиялануы тиіс. Алайда күні бүгінге дейін тиісті қолдау көрмеген. Алқымнан қысқан несиені өтеу үшін малшы сиырларын сатуды ойластырып жүр. Бірақ агронесие шарты бойынша асыл тұқымды түлікті саудаға шығаруға тыйым салынған. Тығырыққа тірелген осындай ондаған қожалық жабылудың алдында тұр. 

Бейбітшілік Толыбаев, шаруа қожалығының төрағасы: 

- «Сыбаға» бағдарламасы толық жетілдірілмеген. Ауызбен айтып, халықты екі ортаға салып қойып отыр. Қолда бар техникасын, үйін кепілге қойған. Солардың бәрі наразы. Қарап отсам фазенда сатамын деушілер көп. Жігіттермен сөйлескенде де мал шаруашылығымен айналысып жатқан адамдар күннен күнге азайып бара жатыр. Малмен айналысатындар азайған кезде айналып келгенде зиянын шегетін халық қой енді. 

Алмат Абдуллаев, аграрлық қаржы ұйымының жетекшісі: 

- Бұның салдары қандай? Егер де субсидия уақытылы түспеген жағдайда шаруашылықтар өз қалтасынан қаражатты төлеу керек. Егер төлей алмаған жағдайда несие тарихтары бұзылып, орталық базада қарыз болып есептеледі. Яғни болашақта кері әсерін тигізеді. Қосымша айыппұл жүргізіледі. Бұл мәселе бойынша «Атамекен» палатасы мен ауыл шаруашылығы министрлігіне шыққанбыз. Бірақ әзірге ешқандай өзгеріс жоқ.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты біліп, пікірлеріңізбен бөлісе отырыңыздар.