Батыс Қазақстан облысында ет және ет-сүт бағыттағы ірі қара саны 790 мыңға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, бұл көрсеткіш жөнінен өңір республика бойынша бірінші орында.
Оның айтуынша, мал шаруашылығы агроөнеркәсіп кешенінің жетекші саласы болып табылады. Облыста мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімінің негізгі үлесін (60 пайыздан астам) құрап отыр.
Ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі мал шаруашылығы болғандықтан, төрт түлік малдың өнімділігін арттырып, мемлекеттік қолдауға қол жеткізе отырып, саланы одан әрі дамыту көзделуде.
Қазіргі таңда 1 қарашадағы мәлімет бойынша ірі қара 799,3 мыңға, қой – 1162,9 мың, жылқы – 275 мың, түйе – 2,5 мың, ешкі – 215,9 мың, құс 1597,3 мыңға жетіп отыр.