ТҰҚЫМ ТАЗАЛАУ ЗАУЫТЫНА 200 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ САЛЫНДЫ

ТҰҚЫМ ТАЗАЛАУ ЗАУЫТЫНА 200 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ САЛЫНДЫ

Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы «ҚайнарАгро» серіктестігі тұқым тазалау зауытын салып, табыс тауып отыр.

Өндірістің жылдық қуаты — 3 мың тонна. Ал сағатына 15 тонна дән тазалап, тұқымның төрт сұрпын шығаруда. Оны жергілікті тұрғындардан өзге Алматымен Түркістан облысының шаруалары алады.

Қазір қырманда екі мың тоннаға жуық дән тазалаудан өтіп, дәріленіп жатыр. Серіктестік директорының орынбасары Асхат Дүйсебаев қожалық үш жылдан бері тұқым шаруашылығымен тұрақты айналысып келе жатқанын айтады.

«Жазда көптеген шаруа қожалықтарда егіннің түсімі 18,6-18,7 центнерден айналды. Ал біздің зауыттан элита тұқымынан шаруалар 26,6-29 центнерден өнім алды. Биыл екі мың гектар тұқым дайындауды жоспарладық. Зауытқа қажетті құрал-жабдықты Беларусь елінен әкелдік. Енді екінші зауытты іске қоссақ деп отырмыз. Тек бидайғана емес, көктемгі егіске арпа, мақсары тұқымын да дайындаймыз», – дейді Асхат Дүйсебаев.

Алдымен шаруашылық Ресейден «Гром» тұқымын әкеліп, өз егіс алқаптарында жерсіндіріпті. Биыл басқада сапалы тұқымдар әкеліп, 7 гектар алқапқа сепкен.

Жамбылдық шаруалар биыл 157 мың гектарға күздік себуді жоспарлап отыр. Күзгі дала жұмыстарын бастап кеткен ірі шаруашылықтар қазірдің өзінде 67 мың гектарға тұқым сеуіп үлгерді.

Өзекті жаңалықтарды біздің сайтымыздан оқи отырып, Malbazar телеграм-арнамызда пікірлеріңізбен бөлісіңіздер