ТҮРКІСТАНДЫҚ МАҚТАШЫЛАР ӨНІМІН САТА АЛМАЙ ОТЫР – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ

ТҮРКІСТАНДЫҚ МАҚТАШЫЛАР ӨНІМІН САТА АЛМАЙ ОТЫР – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасов түркістандық мақташылардың мәселесін көтеріп, Үкіметтен шара қабылдауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістан облысындағы мақташылар ала жаздай еңбек етіп өсірген өнімін сата алмай отыр. Өздеріңізге белгілі Қазақстан мақта өндіруге дүниежүзінде ең қолайсыз өңірлердің бірі. Оның үстіне топырақтың сорлануы мен ағын судың тапшылығынан ол жерлерде басқа дақыл егуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан шаруалар мақта егуге мәжбүр. Мақта өндірісі – шаруалардың негізгі табыс көзі. Сондықтан қазіргі жағдай елдегі әлеуметтік шиеленісті тудырып отыр. Шаруалар несиелер және басқа қарыздары бойынша есептесе алмай отыр. Сонымен қатар күзгі агротехника шараларын өткізуі, қысқа отынын, малына азығын дайындауы қажет», — деді Қайнар Абасов ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.

Халық қалаулысының айтуынша, Түркістан облысында 1 миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мақта өндірісімен байланысты.

«Қаражаттың болмауына байланысты шаруалар агротехника шараларын толық көлемде жүргізе алмайды. Сапалы тұқымдардың болмауы жоғары өнім алуға мүмкіндік бермейді. Орташа өнімділіктің, мақта бағасының төмендігі шаруаларды қатты күйзелтіп отыр. Бұған негізгі себеп, өндірілген өнімнің басым көпшілігі делдалдар арқылы экспортқа шығарылады. Ал импорттаушы елдерде (Еуропа, Түркия) энергия бағасының күрт өсуіне байланысты мақта талшығын өңдеудің өзіндік құны едәуір өскендіктен мақта талшығына сұраныс күрт төмендеді. Бұл жайт экономикамыздың сыртқы факторларға тәуелділігін тағы да көрсетіп отыр», — дейді ол.

Сондай-ақ депутат өз сауалында мақта өсіретін аймақта тоқыма фабрикасы жоқтығы мәселесін көтерді.

«Тоқыма фабрикасы болса қазіргі жағдайға оң әсерін тигізер еді. Ал көрші мемлекеттің әр облысында бірнеше мақта-тоқыма фабрикалары бар. Сондықтан ол жерде мақта бағасымен және оны сатумен проблема жоқ.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сізден шұғыл түрде келесі шараларды қабылдауыңызды сұраймыз:

Бірінші – жергілікті атқарушы органға шаруа қожалықтарынан мақтаны сатып алу бойынша тұрақтандыру қорын құруды тапсыру.

Екінші – Аграрлық кредиттік корпорациясына шаруалар өнімді сатқанға дейін кредиттер бойынша ұзарту мәселесін шешуді тапсыру.

Үшінші – көктемгі дала жұмыстарына 10 қарашадан бастап 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу.

Төртінші – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өндірілген өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тоқыма фабрикасын салу мәселесін пысықтау.

Бесінші – Қазақстан мақтасының сапасын жақсарту және оны әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және енгізу қажет, оған жергілікті атқарушы органдар мен мақта өндірушілері тартылуы тиіс.

Алтыншы – Ауыл шаруашылығы министрлігі жоғары сапалы мақта сорттарын сатып алу мәселесін пысықтауы және өңдерілген сапалы өнімдерді сұранысы мол Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндеөткізу жолдарын қарастыруы керек», — деді Қ. Абасов.

Өзекті жаңалықтарды біздің сайтымыздан оқи отырып, Malbazar телеграм-арнамызда пікірлеріңізбен бөлісіңіздер