ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: МАЛ САНЫН ҚОЛДАН ӨСІРУ ОРЫН АЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: МАЛ САНЫН ҚОЛДАН ӨСІРУ ОРЫН АЛДЫ

Түркістан облысында ауыл әкімдері мал саны бойынша бұрмаланған ақпарат беріп, жайылым жерге деген қажеттілікті артық көрсеткен. Мұндай заңбұзушылықты облыстық прокуратура қызметкерлері кезекті тексеру кезінде анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қадағалаушы орган өкілдерінің айтуынша, мал басын жасанды түрде көбейту дерегі Арыстың бес ауылдық округінде тіркелген.

Мәселен, Ақдала ауылдық округінде жекенің қолындағы 1382 мал жайылымға мұқтаж болса, әкім өз есебінде шалғайдағы шаруашылықтың да төрт түлігін қосып көрсеткен.

Сөйтіп малдың санын 8817 деп беріпті.

Осылайша тиісті нормативтен артық жайылым қажет деп жалған ақпарат ұсынған.

«Мал есебі дұрыс жүргізілмеуі салдарынан мемлекеттік статистика бұзылған. Жер қатынастары басқармасы статистикаға берілген жалған мәліметті тексерусіз тек нормативтік қажеттілікке көбейтумен шектеліп, жайылым тапшылығын қолдан жасаған»,- дейді облыстық прокуратураның басқарма бастығы Нұржан Боранбаев.

Сондай-ақ, ауыл әкімдері мен ветеринария қызметі берген мал саны екі түрлі екені анықталған.

Жергілікті жерлерде жауаптылар жайылымдарды қайтару бойынша ақпараттық технологияларды қолданбайтын болып шықты.

Әрі мәжбүрлеп алып қою мен әкімшілік жауапқа тарту процедурасын да жүзеге асырмай келген.

Өзекті жаңалықтарды біздің сайтымыздан оқи отырып, Malbazar телеграм-арнамызда пікірлеріңізбен бөлісіңіздер