Түркістан облысында фермерлер тыңайтқышты субсидиялауға өтініш бере алмай отыр

Түркістан облысында фермерлер тыңайтқышты субсидиялауға өтініш бере алмай отыр

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер тыңайтқышты субсидиялауға өтініш бере алмай отыр, деп хабарлайды Хабар 24. 

Себебі өткен жылы мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы министрлігіне агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың жаңа тәсілін енгізуді тапсырған болатын. Алайда жаңа мемлекеттік бағдарламаны қолдауға бағытталған ақпараттық жүйе «Gosagro.kz» веб порталы тиісті деңгейде жұмыс істемейтін болып шықты. 

Еліміздің оңтүстігінде көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал Мақтаарал мен жетісайлық диқандар жерге дән сеуіп болып қалды. Енді олар бақша дақылдарына тыңайтқыш сеуіп, мақтаны зиянкестерден қорғау үшін дәрі-дәрмек алуы тиіс. Алайда қазір диқандар 1 ақпаннан бері соған қажетті субсидияны алу үшін министрліктің «Gosagro.kz» веб порталы арқылы өтінім бере алмай отырғандарын айтады. Ал уақыт болса өтіп барады. 

Әлімбай Айбеков, шаруа: 

- Құжат тапсырайын десе, көптеген кемшіліктер шығып жатыр ол жерде. Жер шықпай қалып жатыр. Одан кейін ғарыштан топасьемка алып жатырмыз дейді. Оны дұрыс шықпайды. Біздің Мақтааралда 1 гектарды 10 гектар қылып жіберген. 10 гектарын 1 гектар етіп түсірген. Мені атымда 33 гектар болса, оны 23 гектар етіп қойған. 13 гектарынмды 21 гектар етіп қойыпты. 

Диқандардың айтуынша, қазір өңірдегі әрбір 10 шаруаның 7-8 порталға кіріп, тиісті құжаттарын тіркете алмай отыр. Ақпараттық жүйе дұрыс жұмыс істемейтінін айтады. Ал порталдағы көрсетілген нөмірге байланысу мүмкін емес. 

Шаруалар мәселе тез арада шешілмесе, шығынға шаш етектен батамыз деп отыр. Өнімділік төмендеп, еткен еңбек еш кетуі мүмкін. 

Тойшыбек Биматов, шаруа қожалығының төрағасы: 

- Осыны ертерек бермесе бізде қауын егілген, оларға селитра беруіміз керек. Мақтаны егіп қойғанбыз, оған 10 күнде селитра беруіміз керек. Осы мәселені программистерге өткенде түсіндіріп айтқан, кем-кетіктерінің бәрін түсіндірген. Проблема шешілмесе, уақытында селитраны ала алмаймыз. Өнімділік азаяды зардап шеккенде. 

Шаруалардың жағдайынан жерлікті билік те, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы да хабардар болып шықты. Ауыл шаруашылығы басқармасы порталдағы кемшілікті жою үшін Ауыл шаруашылығы министрілігіне 2 айда 6 рет ұсыныс хатпен шыққан. Ал өңірде құрылған жұмыс тобы Елордағы 5 мәрте іссапармен барыпты. Ол жақтан да мамандар тобы келген. Тараптар мәселені талқылай келе бір мәмілеге келгендерін айтады. 

Ербұлан Жәнібеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: 

- Осы мәселені шешу үшін министрлік тарапынан аталған электрондық картаны мүлдем талап етпейтін болады өтінім тапсыру кезінде. Дүйсенбі күннен бастап электронды счет-фактураны алып тастауға келісімге келдік. Ал бір апта мерзімде электронды картаны алып тастайды. Осы кедергілерді алып тастаса, шаруаларға өтінім беруге оңай болады. 

Осымен іс бітіп, шаруа толық шешіледі ме? Әлде созбалаңға салып, диқандарды тағы да әурелей ме?

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты біліп, пікірлеріңізбен бөлісе отырыңыздар.