"Субсидия беру ережесі екі жылда 20 рет өзгерген": Депутаттар ауыл шаруашылығы министрлігін жазалауды ұсынды

"Субсидия беру ережесі екі жылда 20 рет өзгерген": Депутаттар ауыл шаруашылығы министрлігін жазалауды ұсынды

Мәжіліс депутаттары ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығын жауапкершілікке тарту туралы ұсыныспен хат жолдағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев шаруаларға субсидия беру ережесі екі жылда 20 рет өзгертілгенін айтты. Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат шаруаларға субсидия алудағы қиын жағдайға көңілі толмайтынын жеткізді. Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жұмыс істеу қиын.

"Ойын ережелері үнемі өзгеріп отырады. Тек қазіргі басшылықтың кезеңінде 2021 жылдың қыркүйегінен бастап бүгінгі күнге дейін субсидия беру туралы бұйрықтар 20 реттен астам өзгертілді. Мемлекеттің субсидиялау саясаты жарты жыл сайын өзгерсе, шаруалар жұмысын қалай жоспарлауы керек? Министрлікке субсидия берудің тұрақты және түсінікті ережелерін белгілеп, оларды кемінде бес жыл бойы өзгертпеу қажет", - деді Серік Егізбаев.

Депутаттың айтуынша, субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін жасауға қатысты мәселелер парламент қабырғасында бірнеше рет көтерілгенімен, мәселе әлі шешілмеген.

"Соңғы жарты жылда ауыл шаруашылығы министрлігі бұл ақпараттық жүйенің дайын екенін 11 рет мәлімдеген. Соның ішінде мәжілістің жаңадан сайланған депутаттарына да бірнеше рет айтылды", - деді депутат.

"Басты мәселе әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу функциясы сауда және ауыл шаруашылығы министрліктері арасында бөлінген. Тауарлардың тізбесін және шекті бағаларды сауда министрлігі бекітеді, ал ауыл шаруашылығы министрлігі тауарлардың бағасын реттеу саясатын жүзеге асырады. Біздің ойымызша, ауыл шаруашылығы министрлігінің негізгі қызметі баға мен азық-түлік нарығын қадағалауға емес, өнім өндіруге бағытталуы керек", - деді Егізбаев.

Осыған байланысты депутат аталған функцияларды сауда министрлігі мен ауыл шаруашылығы министрлігі арасында қайта бөлуді қарастыру орынды деп есептейтінін жеткізді.

Біздің Instagram, Youtube, Телеграм-канал аккаунттарымызға тіркеліп, еліміздің қызықты агрожаңалықтарынан хабардар болыңыздар.