СМАЙЫЛОВ: ШАРУАЛАРҒА ӘКІМШІЛІК ЖҮКТЕМЕ ЖАҚЫН АРАДА ТӨМЕНДЕЙТІН БОЛАДЫ

СМАЙЫЛОВ: ШАРУАЛАРҒА ӘКІМШІЛІК ЖҮКТЕМЕ ЖАҚЫН АРАДА ТӨМЕНДЕЙТІН БОЛАДЫ

Дәл осылай ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қостанай облысына жұмыс сапары аясында атап өтті.

Іс-сапар барысында Смайылов елдегі ірі сүт өңдеу кәсіпорындарының бірі – «МИЛХ» ЖШС-не барып қайтты.

Премьер-Министр агроөнеркәсіп кешеніндегі басты міндеттердің бірі ауыл шаруашылығының өңделген бәсекеге қабілетті өнімдерін, атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыру екенін атап өтті.

«Өзімізді толық қамтамасыз етіп, шетелдік нарықтарға шығуымыз керек. Бұл бағытта үлкен әлеуетіміз бар», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр кәсіпорында өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесу өткізді, онда агроөнімдерді қайта өңдеу және экспорттау, жұмыс орындарын құру, субсидиялау, жеңілдікті несие беру, суару, жем шөп дайындау және т. б. мәселелер талқыланды.

Әлихан Смайылов мемлекет өндірушілерді қолдауды кезең-кезеңімен, оның ішінде субсидиялау және кредиттік ресурстардың қол жетімділігін арттыру арқылы кеңейтуді жалғастыратынын атап өтті.

«Биыл ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі 2 есеге артты. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік саласын нығайту тұрғысынан аса маңызды. Біз жұмсалған әрбір теңгенің өнімділігі мен тиімділігін арттыруға ниеттіміз», — деді Премьер-Министр.

«Жүйелі мәселелер апта сайын қаралады, бизнестің мәселелерін шешеміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір осы саладағы кәсіпкерлерге қойылатын барлық талаптарды қайта қарап жатыр, олардың 20%-ға жуығы қысқартылатын болады. Тиісінше, бизнеске әкімшілік жүктеме жақын арада төмендейді», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Өзекті жаңалықтарды біздің сайтымыздан оқи отырып, Malbazar телеграм-арнамызда пікірлеріңізбен бөлісіңіздер