Шығыс Қазақстан диқаншылары су тапшылығының зардабын тартып отыр

Шығыс Қазақстан диқаншылары су тапшылығының зардабын тартып отыр

Шығыс Қазақстан облысының диқаншылары су тапшылығын сезінуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, республикадағы су айдындарының 30 пайызға жуығы Шығыс Қазақстанда шоғырланған.

Алайда соған қарамастан өңір диқандары егістік жерлерін суару үшін су тапшылығын сезініп отыр.

«Соған орай алдағы үш жылда гидротехникалық құрылыстарды ретке келтіруді және ылғалды аз жұмсайтын агротехнологияларды енгізуді көздеп отырмыз. Су тапшылығының себебі – магистральдық және шаруашылық аралық каналдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы, «Қазсушар» мекемесі облыстық филиалының балансында тұрған төрт гидротехникалық құрылысты қайта жаңғырту жұмыстарының аяқталмауы», - дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов.

Жалпы облыс бойынша 84,8 мың гектар суармалы жер болса, іс жүзінде оның 17 мың гектары ғана пайдаланылуда.

Өткен жылы шамамен алты мың гектар алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылды.

Нақты айтқанда, 5,4 мың гектар жаңбырлатып, 0,8 гектар тамшылатып суарылды.

Шығыс Қазақстанда осындай әдістермен жүгері, картоп, көкөніс, соя, күнбағыс сынды дақылдар өсіріледі.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты біліп, пікірлеріңізбен бөлісе отырыңыздар.