Шаруалар сиыр терісінен ғана жылына 14 млрд теңге табыс таба алар еді – сенатор

Шаруалар сиыр терісінен ғана жылына 14 млрд теңге табыс таба алар еді – сенатор

Шаруалар сиыр терісінен ғана жылына 14 млрд теңге табыс таба алар еді. Бұл туралы Сенаттың «Өңір» депутаттық тобының отырысында сенатор Арман Өтеғұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауылда малмен күнелткен жұрт «жүн мен теріні ешкім алмайды» деп аяққа таптап, қоқысқа тастап жатыр. Ал сол жүн мен теріні өңдеумен айналысатын кәсіпорындарда тиісті шикізат жеткіліксіз, жүктемесі тым аз. Осыдан 2-3 жыл бұрын экспортқа шығаруға тыйым салынған болатын. Әлі алынған жоқ. Жеңіл өнеркәсіпте ең жиі қолданылатыны сиырдың терісінен 20 жұп аяқкиім тігіп шығаруға болады. Әр аяқ киімнің бағасын 15-20 мың теңге деп есептегенде, бір сиырдың терісінен 300-400 мың теңге қаражат табуға болады. Елімізде жыл сайын шикі терінің 10-20 пайызы ғана сатылады. Ал 3 млн-ға жуық мал терісі өңделмеген күйі далаға тасталады. Осының бәрін кәдеге жаратқанда шаруалар шамамен 14 млрд теңге табыс табар еді», - деді сенатор.

Оның атап өтуінше, өңірлердегі қатты тұрмыстық қалдық полигондарының қазіргі жағдайы экологиямызға айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр.

Соның салдары жерасты суының ластануына, жаңа стихиялық қоқыстардың пайда болуына әкеліп, халықтың денсаулығына елеулі қауіп төндіріп отыр.

Бұл мәселелер Сенат қабырғасында бірнеше рет көтерілген де еді.

«Бірақ бүгінгі күнге одан тиісті қорытынды шығарып, қажетті шаралар қабылданып жатқанын өкінішке қарай, әлі де байқай алмай отырмыз. Ал жыл сайын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмауы себебінен жердің тозуына, құнарының төмендеуіне әкелетіні, оны пайдаланбау салдарынан жоғалтатын пайданың да аз еместігі айтпаса да түсінікті», - деді Арман Өтеғұлов.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты біліп, пікірлеріңізбен бөлісе отырыңыздар.