Шаруалар алқапты суару үшін 3 есе артық ақша төлеп келген

Шаруалар алқапты суару үшін 3 есе артық ақша төлеп келген

30 мыңға жуық шаруа және фермер қожалығы бұған дейін алқапты суару үшін 3 есе артық ақша төлеп келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Каналдағы су қожалықтарға жетпейді. Ал мына арықтар арқылы алқаптар суарылатын. Соның өзінде, кезекшілікпен күн көріп, ісін жүргізіп отырғандар қолжетімсіз болған су тарифінің шамадан тыс қымбат екенін айтып шағымданған еді.

2015 жылдан бері ауданда жұмыс істеп келе жатқан 24 ауыл шаруашылығы кооперативі Үлкен Алматы каналынан 1 текше суды 78 тиыннан алып, оны шаруаларға 20-28 мың теңгеден берген. Оның үстіне, бұл тариф бір гектар жер үшін есептеліпті. Сайып келгенде, бір шаруа бір маусымда 60 гектар жерді суару үшін жылына 1 млн теңге төлеген.

«АШК былтырғы 30 мың теңгені төлеңдер» деп сұрап жатыр. Заңсыз болса, оны қалай төлейміз. Біз гектарына ақша төлейміз, бізге квитанция жазып береді. Оның қасында фискальный чек болуы керек қой. Ондай жоқ. Ондай кассовый аппарат ешқайсында жоқ, 10 жылдан бері алмаған», – деді шаруа Елуғалым Әлібаев.

«Суды кезекпен аламыз, біреу суғарып жатқанда, екіншіміз күтеміз. 1-2 гектар жері бар шаруалар кезегі келгенше егіс күйіп кетеді. Ал ірі шаруалар алған кезде су жетпейді», – деді шаруа Мұрат Хизиров.

Яғни, ауыл шаруашылығы кооперативтері алқаптарға барар судың тарифін заңсыз көтерген. Тексеріс барысында олардың құжаты да талапқа сай келмейтін боп шықты. Ал су жетпеген соң, шаруалар өнім жөнді өнбей, шығынға батқанын айтады.

«АШК бізден су алып, оны әрі қарай жеткізіп береді. Олар судың шығынын есептеп бағаны өздері қояды», – деді Д. Қонаев атындағы ҮАК филиалының директоры Мейрам Арыстанов.

Аталған мәселеге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет араласқан. Зерттей келе, аудандағы 24 кооперативтің тек екеуі су арналарын пайдалануға құқылы боп шықты. Сондай-ақ монополияға қарсы орган тек 5 кооперативте тарифтің ресми бекітілгенін анықтады.

«Олар жұмыс істеп жатқан суармалы жерлерді өз теңгеріміне алуы керек болатын. Ол үшін аудандық әкімдік олармен бірге құжат жасауы керек. Біз тексеру барысында тариф бағасын 1 кубқа есептелуі керек еді. Іс жүзінде олар гектар бойынша сатқан», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Бекинов.

Енді ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы мүлде тоқтайды. Ал шаруалар бірыңғай операторға қарайды. Демек, тариф те сәйкесінше 1 текше су үшін 70 тиыннан аспайтын болады.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты біліп, пікірлеріңізбен бөлісе отырыңыздар.