Сайрамдықтар егістікті қойдың қаны араласқан сумен суаруға мәжбүр

Сайрамдықтар егістікті қойдың қаны араласқан сумен суаруға мәжбүр

Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ елді мекенінде егістік алқаптары қойдың қаны араласқан сумен суарылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желіде Қарабұлақ тұрғындарының жанайқайы жарияланды. Олардың айтуынша қойдың қан қалдықтарын кез келген жерге төгіп кететін қасапшылардың әрекетінен ел зардап шегіп отыр. Соның салдарынан ауыл ішіндегі арық сулары қызарып кеткен. Ал ол суды жергілікті тұрғындар егістікке пайдалануға мәжбүр.

Табиғат жанашыры Ғани Назарбек бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді.

«Түркістан облысы Сайрам ауданы аумағында эпидемиологиялық жағдайға талдау жүргізу қажет. Аудан аумағында көптеген бойнялар бар. Ол жерлерде күнделікті мыңдаған бас мал сойылып жатыр. Ал олардан шыққан қалдықтарды өңдеу, залалсыздандыру орындары жоқ. Қалдықтарды (тері, бас-сирақ, қан, ішкі органдар) рұқсат етілмеген жерлерге тастап жатыр. Ондай орындар күн сайын көбейіп келеді. Мыңдаған тонна қан жерасты суларына қосылуда, басқа қалдықтар ашық далада сасып жатыр», - дейді ол.

Ал Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі бүгін аудан әкімінің орынбасары М.Оразалиев Қарабұлақ ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездескенінін айтты.

«Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тазартқыш ғимараттарын қайта құру» нысаны туралы мән-жай мен осы нысанның сыртқы аумақтарында санитарлық талаптарды сақтау керектігі түсіндірілді. Сондай-ақ тәртіптің сақталуын қадағалау үшін аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бүгіннен бастап тәуліктік кезекшілікке түсетін болады. Тұрғындардың шұңқыр қазу және жолдарды ашу туралы өтініші назарға алынды. Бұл бағытта арнайы техникалардың көмегімен жұмыс жүргізілетіні туралы келісімге келді», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ бүгін аудандық мәслихат депутаттары мен сала мамандары да Қарабұлақ ауылының тұрғындарымен кездескен.

Нәтижесінде, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «Сайрам тазалық» ЖШС тарапынан арнайы техника бөлініп, шайынды сулар жиналатын орындар тазаланатын болды.

Сонымен қатар аудандық мәслихат тарапынан құзырлы органдарға орын алған кемшіліктерді жоюға және кінәлі азаматтарды жауапкершілікке тарту туралы ұсынысхат та жолданды.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыздар.