Сарыағаш ауданындағы Бағыс елдімекенінің тұрғыны Манатәлі Таңсықбаев желтоқсан айында жылыжайындағы лимон ағашынан өнім жинай бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қақаған қыста үйінің алдындағы жерінде тропикалық жеміс өсіріп отырған ол 700-ге жуық ағаштан 70 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр.
Манатәлі Тансықбаевтың лимон өсіруді қолға алғанына биыл 10 жылға жуық уақыт болды. Үйінің алдындағы 60 соттық жерге 640 лимон ағашын отырғызған шаруа күні-түні күтім жасап, баптады. Тамыр жаюын тәулік бойы бақылады. Ерен еңбектің нәтижесінде тропикалық белдеуде ғана өсетін жеміс ағашы Сарыағаш топырағына жерсінді. Бүгінгі күні шаруа лимон алқабынан мол өнім алып отыр.
«Ең алдымен жылыжайға қызанақ пен қияр еккен болатынмын. Бәсекелестік көбейіп кетті. Жұрттың көбі жылыжай салып, қызанақ пен қияр егіп, сатумен айналысып жатты. Сол кездері жерімде де бір зиянкестер пайда болды. Жеңеалмадым. Өнім болмай еңбегім еш кете берген соң, бағбандармен кеңесе келе лимонмен банан өсіруді жөн көрдім. Ташкенттен лимонның «Меир» деп аталатын сортыналып келіп, отырғыздым. Алғашқы жылдары тек ағаштарды өсіруге уақыт бөлдім. Жемісін екі жылдан соң көрдік. Ал, банан ағашы өсіп тұр. Бірақ өнім бермей жатыр. Бәлкім, сортын дұрыс таңдамаған болармын» — дейді ол.
Шаруа алдағы уақытта лимон тосабын жасауды жоспарлап отыр. Бұл бағытта қазір қажетті технологияны меңгеріп жатыр. Аппараттарын да алып қойған.
Өзекті жаңалықтарды біздің сайтымыздан оқи отырып, Malbazar телеграм-арнамызда пікірлеріңізбен бөлісіңіздер