Қасым-Жомарт Тоқаев Степногорск қаласында отандық жылыжай технологияларының дамуымен танысты. Президентке жеміс-көкөніс өнімдерін — қияр, қызанақ, бұрыш, сондай-ақ гүл өсірудің заманауи технологиялары көрсетілді, деп хабарлайды Ақорда.
Жылыжай кешенінің жалпы ауданы – 5 гектар. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 4,8 миллиард теңгені құрайды. 2023 жылы баклажан және құлпынай өсіру бөлімшелерін іске қосу жоспарланып отыр. Компанияның өнімдері толығымен Қазақстанның ішкі нарығында сатылады.
Президент өндірілетін өнімнің сапасын бағалап, оның сұранысқа ие екенін атап өтті. Сондай-ақ компанияның экспорттық мүмкіндіктеріне назар аударды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен әңгімелесті. Кездесу барысында түйткілді мәселелер көтеріліп, отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты конструктивті ұсыныстар айтылды.
«Президент жағдайды жіті қадағалайтынын, бизнес ахуалы туралы жедел ақпарат алатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыратынын және ынтымақтастықтың жаңа формалары әзірленетінін мәлімдеді», деп хабарлайды Ақорда.
Осыған қоса, Президент пестицидтермен агрохимия өнімдерін өндіретін «Астана-Нан Chemicals» зауытының жұмысымен танысты.
Компанияның құрылтайшысы Иван Сауэр Мемлекет басшысына өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын заттар, пестицидтер, калий тұзы және құрамында глифосаты бар препараттар шығаратын өндіріс желісі мен заманауи құрал-жабдықтарды көрсетті.
Өзекті жаңалықтарды біздің сайтымыздан оқи отырып, Malbazar телеграм-арнамызда пікірлеріңізбен бөлісіңіздер