Премьер-министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысында инвестиция тарту бойынша жоспарды орындамаған өңір әкімдерін сынады.
«Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысады. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8%-ды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестиция деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-дан жоғары болуы керек дегенді білдіреді», — деді Смайылов.
Жалпы, 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн теңгені құрады (жылдық жоспардың 94,2%).
Орталық мемлекеттік органдар арасында жылдық жоспарды ғылым және жоғары білім (121,8%), денсаулық сақтау (103,5%), ағарту (102,3%) министрліктері орындады.
Ең төмен көрсеткіштер экология және табиғи ресурстар (79,4%), мәдениет және спорт (72,5%) министрліктерінде байқалады.
Өзекті жаңалықтарды біздің сайтымыздан оқи отырып, Malbazar телеграм-арнамызда пікірлеріңізбен бөлісіңіздер