Қостанай облысында шегіртке шапқыншылығы - егінге қауіп төніп тұр

Қостанай облысында шегіртке шапқыншылығы - егінге қауіп төніп тұр

Қостанай облысында шаруалар шегірткеден орасан зор зиян көріп отыр. Әсіресе Жанкелдин ауданындағы алқаптарда шегіртке қаптады. Бүгінде аталған зиянкестер бір тәулікте алты шаруа қожалығына тиесілі 10 мың гектардай аумақты отап кеткен. Жергілікті диқандар осыны айтып дабыл қағып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қостанай таңы» басылымына сілтеме жасап.

Жер иелері тиісті органдар мәселеге назар салмаса, күнкөріске арқау болып отырған еңбегінің еш кетететініне қынжылады.

«Шегіртке түскелі жалғыз агрегат келді, оның өзінің уы жоқ. Ана тұста жанармайы таусылып ұшақ та қаңтарылып тұр. Киіктен қорғанымыз деп жүргенде, мына жәндігі құрғыр, жан-жағымызды тип-типыл етуде», — дейді жергілікті шаруа Қайрат Райысов.

Бұған қарсы қандай шаралар қолға алынғанын өкілетті орган айтып берді.

«Жағдайдың ушығуына байланысты облысымыздың 1 625 мың га аумағына зерттеу жүргізілген. Оның 445,174 мың гектарын елді мекендер алып жатса, 266,118 мың гектары шегірткеден экономикалық зиян шегудің аз-ақ алдында. Зиянкестер ең көп таралған аймақ - Жанкелдин ауданы, ол шамамен 241,978 мың га аумақты алып жатыр. Мамандар оның 226,043 мың га өңделгенін айтады. Ал Аманкелді ауданында шегірткеден зиян шеккен 14,275 мың га осындай өңделген жер бар. Жанкелдин ауданы жағынан шегірткелердің Науырзым өңірінің шекаралас аймақтары мен кейбір жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егініне зиян келтіре бастағаны туралы фактілер де тіркеліп жатыр. Қазіргі уақытта алдын алу шараларының дер кезінде жүргізілуі себепті шегірткелердің негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы дақылдарынан қайтадан Жанкелдин ауданының далалық аймағына қоныс аударыпты» деп мәлім етті облыс әкімдігінен.

Шегірткенің таралуын тиісті мекемелер тікелей қадағалап отыр деп сендірді Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Егін аман қалар ма екен?

Біздің Instagram, Youtube, Телеграм-канал аккаунттарымызға тіркеліп, еліміздің қызықты агрожаңалықтарынан хабардар болыңыздар.