Үкімет аграрлық салаға тиісті көңіл бөлмей келеді – мәжілісмендер

Үкімет аграрлық салаға тиісті көңіл бөлмей келеді – мәжілісмендер

Депутаттардың сөзінше, атқарушы биліктің бұл салаға мемлекеттік қолдау деңгейі заман талабына сай емес.

"Ауыл" партиясы фракциясының депутаттары Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.

"Шаруалар жеңілдетілген несиеге жарымай жүр. Кредитті арзандататын субсидия дер кезінде берілмейді. Бюджеттен субсидияға бөлінетін қаржының жалпы мөлшері бүгінгі сұраныстан 4 есе кем. Ауыл шаруашылығы өндірісіне қажет барлық зат – техника, химия, қызмет түрлері қымбаттап жатыр, ал өндірілген өнім құны өзгеріссіз тұр", - деді фракция мүшелері.

Олардың сөзінше, Ресей мен Беларусияда аграрлық саланы қолдау деңгейі елімізбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ауыл шаруашылығы министрлігінің аграрлы саланы қолдауға бөлінетін қаржы мөлшерін арттыру жөніндегі ұсынысы Үкімет тарапынан қолдау таппаған.

Депутаттар инфляция деңгейінің жыл сайын артып, субсидияға индексация жасалмайтынын да жеткізді.

"Қолданыстағы субсидиялау механизмдері жетілмеген әрі былыққа белшеден батқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің тексеріс қорытындысы – оның айқын айғағы. Мемлекет басшысының өзі де субсидия жүйесін жетілдіру керек деп айтқан болатын. Оны орындау үшін ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар тың идеяларды ұсынды, бірақ олар да субсидияны жеңіл табыс көзіне айналдырып алған лоббис топтардың кесірінен қолдау таппады. Тіпті кейбір "белсенділер" тұшымды ұсыныс берген министрлікке "екі" деген баға қойып, көпшілік алдында масқара қылды", - делінген депутаттық сауалда.

Келесі мәселе – субсидия механизмдеріне тәуелсіз сараптаманың жүргізілмеуі, деді халық қалаулылары.

Депутаттардың сөзінше, ауыл шаруашылығының қай саласы субсидияға шынайы мұқтаж, ал қайсысы онсыз дами алатынын анықтау қажет. Олар аймақтардың табиғи ерекшелігі ескерілу керек деп есептейді.

"Соңғы кезде қоғамдық ашықтықты желеу етіп жеке мүдделерін жүзеге асырып жүрген топтар көбейді. Олар орынсыз ұсыныстарымен министрліктің тиімді жұмысына кедергі келтіріп жатыр. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтауды көздеген министрлік наразылық білдірген жеке топтардың ығына жығылуға мәжбүр. Ведомство тіпті өз көлеңкесінен өзі қорқатын жағдайға жетті. Азық-түлік қауіпсіздігі қорқақтың қолынан келетін шаруа емес. Мүмкін аталған министрлік батыл шешім қабылдау үшін Президент айтқан прокурорлық сүйемелдеуді енгізу қажет шығар?", - деді "Ауыл" партиясы фракциясының депутаттары.

Осыған байланысты депутаттар Үкімет басшысынан ауыл шаруашылығын қаржылай қолдауын Ресей мен Белорусия деңгейіне дейін жеткізу туралы жеке ойын сұрады.

"Екіншіден, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бытыраңқы қоғамдық ұйымдардың басын біріктіріп, өзіне жүктелген міндеттерін толығымен орындауы үшін қандай шаралар қолданылуы тиіс? Соңғысы Ауыл шаруашылығы министрлігінің саяси беделін көтеру мақсатында министрге қосымша Премьер министрдің орынбасары лауазымын беру жөніндегі көзқарасыңыз қандай?", - деп түйіндеді мәжілісмендер.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты біліп, пікірлеріңізбен бөлісе отырыңыздар.