Келесі айдағы егіс жұмыстарына фермерлер дайын емес – депутат бидай мәселесі туралы

Келесі айдағы егіс жұмыстарына фермерлер дайын емес – депутат бидай мәселесі туралы

ҚР Парламентіндегі Jibek Joly телеарнасының мобильді студиясында депутат Айдарбек Қожаназаров астық өндірушілердің қандай мәселеге тап болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір маған Ақтөбеден бастап, Павлодар, Қостанай, Петропавл, Ақмола облыстарына дейін барлық өңірлердің шаруалары, бидай өндірушілері хабарласуда: «Бір шара жасаңыздар, бізді өлтіріп жатырсыздар», деп жазады. Мұның себебі мынада: бізде жазғы уақытта экспортқа тыйым салынғандықтан, өткен жылғы бидай қалдықтары сатылмай қалды. Мемлекеттік органдар экспортқа рұқсат берем дегенше, ресейлік астық пісіп-жетілді. Олар біздің дәстүрлі нарықтарымызға түсіп, бізді Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан нарығынан ысырып шығарды», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Депутаттың айтуынша, ресейлік бидайдың сапасы төмен, тиісінше бағасы да арзан.

«Біздің астық әрқашан жоғары сапалы болып саналып келді, ал Орта Азия нарығы үшін біздікіндей жоғары сапалы астық көп мөлшерде қажет емес. Осы аптада Ресей астығын шекарадан көлікпен әкелуді шектеу туралы шешім қабылданды. Өйткені шетелден жалған құжаттар бойынша астық әкелінген, ҚҚС, тарифтер төленбеген. Оған қоса, бұл астық қазақстандық астық ретінде сатылды, мұның бәрі бағаға әсер етті. Біз сауданы қазан-қараша айларында тоннасына 125 мың теңгеден бастадық, бұл біздің фермерлерге 15-20% маржа берді. Ал қазір баға 85 мың теңгеге дейін түсіп кетті, өзіндік құнынан да төмен сатылуда. Әрине, бұған дейін де бидайды өзіндік құннан төмен сатқан кездер болды. Бірақ келесі айда егіс жұмыстарын бастаймыз және оған еш дайын емеспіз. Фермерлердің егін егуге және жинауға қаражаты жетпейді», - деп түсіндірді депутат.

Сонымен бірге, депутат мемлекеттік қорға астықты төмен бағамен сатып алуды ұсынады, бұл бағаны тоннасына кемінде 100 мың теңгеге дейін теңестіруге мүмкіндік береді.

«Бұл біздің фермерлерге ақша табуға, ең болмағанда өз қаражатын қайтарып алуға және сол жерге қайта инвестициялауға мүмкіндік береді. Біз фермерлердің шалқып жүргісі келетінін айтып отырған жоқпыз, кем дегенде жыл сайынғы өз қызметін жалғастыруы керек», - деді А. Қожаназаров.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыздар.