ВЕТЕРИНАРЛАРДЫ РЕСПУБЛИКА БЮДЖЕТІНЕН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ТИІМСІЗ - СМАЙЫЛОВ

ВЕТЕРИНАРЛАРДЫ РЕСПУБЛИКА БЮДЖЕТІНЕН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ТИІМСІЗ - СМАЙЫЛОВ

Мемлекеттік ветеринария ұйымдарын республикалық бюджеттен материалдық-техникалық жарақтандыру үшін қаржыландыру тиімсіз. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жергілікті атқарушы органдар өздерінің шығыс бағыттарын дербес айқындайтынын ескере отырып, мемлекеттік ветеринария ұйымдарын республикалық бюджеттен материалдық-техникалық жарақтандыру үшін қаржыландыруды қарастыру тиімсіз деп санаймыз», — деді Әлихан Смайылов жауабында.

Оның атап өтуінше, мемлекеттік ветеринария ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін облыс әкімдіктері өз деңгейінде жергілікті бюджет есебінен нормаларға сәйкес тиісті іс-шаралар қабылдайды.

«Мәселен, 2022 жылы материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға Алматы облысында 2,5 млрд теңге, Жетісу облысында 2 млрд теңге, Қарағанды облысында 182,2 млн теңге, Қызылорда облысында 73 млн теңге және Солтүстік Қазақстан облысында 64,2 млн теңге бөлінді. Бұдан басқа Жамбыл облысында 249,8 млрд теңгені, оның ішінде ветеринарияны қамтитын «ауыл шаруашылығы» функционалды кіші тобы бойынша 13,0 млрд теңгені құрайтын жергілікті бюджеттің осы жылдық жоспары бар», — деді Үкімет басшысы.

Сіздер бұл туралы не ойлайсыздар?

Өзекті жаңалықтарды біздің сайтымыздан оқи отырып, Malbazar телеграм-арнамызда пікірлеріңізбен бөлісіңіздер