Фермерлердің 90%-ы gosagro.kz жүйесі арқылы тиісті төлемдерді ала алмады – депутат

Фермерлердің 90%-ы gosagro.kz жүйесі арқылы тиісті төлемдерді ала алмады – депутат

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жетілмеген жүйені іске қосып, жауапсыз шешімі салдарынан ел ауқымында 40 мыңнан астам шаруа зардап шегуі мүмкін. Аталған мәселені Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес бүгінде субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы 6,1 млрд теңгеге 1,5 мың өтінім мақұлданған. Ал өткен жылы 57,5 млрд теңгеге мақұлданыпты. Осылайша өткен жылмен салыстарғанда небәрі 10 пайыздан аса сома ғана төленгенін көріп отырмыз. Бұл дегеніміз фермерлердің 90%-ы gosagro.kz жүйесінің жұмысынан тиісті төлемдерді ала алмады. Сонымен қатар 51,4 млрд теңге ел экономикасын толықтырған жоқ», - Айдарбек Ходжаназаров Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің отырысында.

Оның айтуынша, бұл жыл басындағы жағдай, егер жүйе жұмысы осы жалғасатын болса, 12 айдың қорытындысы бойынша gosagro.kz 287 млрд теңгенің (2022 жылғы көлем) небәрі 31 млрд теңгесін ғана төлеп үлгереді.

«Көпшілігіңіз үшін бұл жай ғана сандар болуы мүмкін, бірақ осы қаражатқа мұқтаж жандар, бизнес көздері мен жұмыс орындары бар. Олардың саны қанша? 40 мыңнан астам ауыл шаруашылығын өндіруші болжамды түрде 256 млрд теңге көлеміндегі тиісті төлемін ала алмай қалады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің нарыққа жетілмеген жүйені іске қосу бойынша жауапсыз шешімі салдарынан ел ауқымында 40 мыңнан астам шаруа зардап шегеді», - дейді ол.

Сондай-ақ, халық қалаулысы, gosagro.kz жүйесі 60 млрд теңге сомасында 1,8 мың өтінімді немесе қаржыландыру көлемінің 37 пайызын кері қайтарғанын айтты.

«Қалыптасқан тәжірибе кері қайтаралған өтінімдер көлемі 1 пайыздан аспауы тиіс екенін көрсетеді. Бұл мәселе де жүйенің жұмысына қатысты», - деп толықтырды А. Ходжаназаров.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыздар.