Диқандарға субсидия алуда қиындық тудырған бірқатар талап жойылады

Диқандарға субсидия алуда қиындық тудырған бірқатар талап жойылады

Солтүстік Қазақстан облысында биыл ауыл шаруашылығы саласына субсидия түрінде 63,3 млрд теңге мемлекеттік қолдау көрсетілмек. Оның 20 млрд теңгеге жуығы өсімдік шаруашылығына бағытталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО әкімдігінде өткен жиында өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, сусидия ретінде соның ішінде тұқымға 1,7 млрд теңге, пестицидтерге 11 млрд теңгеге жуық, тыңайтқыштарға 7 млрд теңге бөлінбек.

Бұдан басқа мал шаруашылығына - 9,6 млрд теңге, басқа бағыттарға - 33,7 млрд теңге берілмек.

«Бұл қаражат саланы толық субсидиялауға жеткіліксіз, жыл сайын қаржы тапшылығын байқап отырмыз. Қажеттілік шамамен 35 млрд теңгені құрайды, соның ішінде тұқым шаруашылығына 2 млрд теңге, минералды тыңайтқыштарға 5 млрд теңге, пестицидтерге 10 млрд теңге қажет.

Бүгінгі таңда өтінімдерді қабылдау басталды. Осы күнге дейін 8,9 млрд теңге субсидия төленді, оның ішінде 4,4 млрд теңгесі өткен жылдан күту парағында тұрған инвестициялық субсидиялар», - дейді Марат Тасмағанбетов.

Мамыр айында пестицидтерді субсидиялау бойынша әкімдік қаулысы тіркелгеннен кейін осы бағыт бойынша субсидиялар төлеу басталады.

«Өсімдік шаруашылығындағы басты мәселе - Қазақстан Ғарыш Сапары ақпараттық жүйесі арқылы егістіктерді цифрландыру қажеттілігі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, алқаптарды міндетті түрде цифрландыру талабы биыл пилоттық режимде жойылмақ.

Сондай-ақ минералды тыңайтқыштарды субсидиялау үшін агрохимиялық талдау карталарының міндетті түрде болуы жөніндегі талап та жойылады», - дейді СҚО әкімінің бірінші орынбасары.

Бүгінгі күні қайта өңдеу бағыты бойынша субсидияға өтініш беруде қиындықтар бар, өйткені электрондық шот-фактураларды бекітетін модуль өшірілген. Ал инвестициялық және мал шаруашылығына қатысты субсидиялар бойынша мәселе жоқ.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты біліп, пікірлеріңізбен бөлісе отырыңыздар.