Былтыр терінің 81%-ы өңделмеді – Ауыл шаруашылығы министрі

Былтыр терінің 81%-ы өңделмеді – Ауыл шаруашылығы министрі

2022 жылы Қазақстанда терінің 81%-ы немесе 2,8 млн дана тері өңделмеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің ең проблемалы саласының бірі - тері мен жүнді өңдеу болып отыр.

«Тері өңдеуде 9 кәсіпорын жұмыс істейді. 2022 жылы ірі қара мал терісінің өндірісі 3,4 млн дана болды. Оның шамамен 14%-ы (462 мың дана) өңделді, 5,2% (179,5 мың дана) – экспортталды, 81% (2,8 млн дана) – өңделмеген қалдық. Ұсақ мал терісі бойынша 7,9 млн дана өндірілді. Сұраныстың болмауына байланысты ұсақ малдың терісін өңдеу және экспорттау іске асырылмады», - деді министр.

Оның айтуынша, былғары шикізатының экспортын тежеуші фактор 1 тонна үшін 200 еуро экспорттық баждың болуы.

«Бүгінде шағын және орта бизнес үшін экспорттық баж толық алынды, ал ірі қара мал бойынша 100 еуроға дейін төмендетілді.

Оған қоса, инвестициялық субсидиялар қағидаларына былғары шикізаты мен жүнді қайта өңдеу жөніндегі жаңа қуаттарды салуға және жаңғыртуға арналған инвестициялық салымдардың 25%-ын өтеуді көздейтін жаңа паспорт енгізіледі», - деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің пікірінше, шикізат өңдеудің дамымау себебінің бірі - оның жеке шаруа қожалықтарында, шағын шаруа қожалықтарында және фермерлік қожалықтарда өндірілген сапасының төмендігі, және отандық кәсіпорындардың да, экспорттаушылардың да талаптарына сәйкес келмеуі.

«Бұл мәселенің шешімі терінің сапасы маңызды болмайтын өндірістерді дамыту. Мысалы желатин немесе азықтық қоспаларды өндіру.

Осыған байланысты бүгінде республика бойынша төмендегі жобалар іске асыралады:

1) жалпы қуаты 12 мың тонналық ірі қара малдың терісін өңдеп желатин өндіретін 3 инвестициялық жоба;

2) 2,2 мың тонна көлемінде азықтық қоспаларды өндіру үшін ұсақ мал терісін өңдейтін 1 жоба», - деді Қарашөкеев.

Ербол Қарашөкеев алдын ала есептеулер бойынша аталған жобаларды іске асыру ірі қара малдың өңделген терісінің үлесін 85%-ға дейін (462 мыңнан 3 млн данаға дейін) ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Біздің Instagram, Youtube, Телеграм-канал аккаунттарымызға тіркеліп, еліміздің қызықты агрожаңалықтарынан хабардар болыңыздар.