Бішкек: Қазақстанда су жөнінде Қырғызстанға шағымы жоқ

Бішкек: Қазақстанда су жөнінде Қырғызстанға шағымы жоқ

Қырғызстан ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары қызметінің басшысы Алмазбек Сокеев 23 тамызда өткен баспасөз мәслихатында Киров су қоймасынан Қазақстанға жіберілетін судың уақытша тоқтағанына байланысты түсініктеме берді.

Оның айтуынша, Қырғызстан өз міндеттемелерін орындаған. Сокеев қазақстандық әріптестерімен келіссөз жүргізгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, су мәселесі бойынша Қазақстанның Қырғызстанға шағымы жоқ.

"Олар судың жетпеуін түсінікпен қабылдады. Мәселе жоқ екенін және осыған дейін жіберілген су көлеміне алғыс білдіретінін айтты. Қазақ әріптестерімнің айтуынша, шекара жабылғаны су мәселесімен байланысты емес" деді Сокеев.

22 тамызда Жамбыл облысының Қордай, Мерке, Рысқұлов және Талас аудандарында ағын су жетіспеуіне және күн ыстықтығына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Жамбыл облысында шаруалар пайдаланатын судың 80 пайызы Қырғызстаннан келеді.

Қазақстан билігінің айтуынша, биыл Қырғызстаннан келетін су 10 есеге азайған. Ал Қырғызстан тамызда Жамбыл облысына су жіберуді тоқтатқаны белгілі болды.

Қырғызстан Талас өзеніндегі Киров су қоймасындағы судық көлемі былтырмен салыстырғанда 144,8 миллион текше метрге азайғанын айтады. Былтыр бұл көрсеткіш 177,28 миллион текше метр болған.

Қырғызстан ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір Қырғызстанның Талас облысында су тапшы болып отыр, бұл облысқа Киров су қоймасынан секундына 1,3 текше метр су жіберіледі. Былтыр бұл уақытта секундына 13,7 текше метр су аққан.

22 тамызда Қырғызстан шекара қызметі "Ақ-Тілек" өткізу бекетінде 370 көлік өте алмай түрғанын, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін Қазақстан тарабы тек үш машинаны өткізгенін хабарлады. Көлік жүргізушілері 22 тамыз күндіз бекетке қарай 500-ден аса машина кезекте тұрғанын айтқан. "Ақ-Тілек" шекара бекетінде көлік кезегі 20 тамызда пайда болған.

Қырғызстан шекара қызметі өкілдерінің хабарлауынша, Қазақстан мен Қырғызстан шекара қызметкерлерінің кездесуінде қазақ тарабы шекарада ешқандай шектеу жоғын айтқан.

Сол күні ҰҚК-ның шекара қызметі қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктерінің кептелісі көбейген тұста мәлімдеме жасап, шекара маңында ешқандай шектеу енгізілген жоқ деген. Қазақстанның шекара қызметі шекара маңында және өткізу бекеттерінде заңға қайшы әрекеттерді болдырмас үшін кешенді шара жүріп жатқанын айтқан.

23 тамызда Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қазақ-қырғыз шекарасындағы "Кен-Булун" тексеру-өткізу пунктінде жүк көліктерінің кезегі пайда боланын хабарлады.

Біздің Instagram, Youtube аккаунттарымызға тіркеліңіздер.