БҚО-да киік төлдейтін аумақтың 90 пайызы жайылымға пайдаланылады – Үкімет

БҚО-да киік төлдейтін аумақтың 90 пайызы жайылымға пайдаланылады – Үкімет

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында Батыс Қазақстан облысында киік төлдеуге қолайлы орындардың 90 пайызын жергілікті халық жайылымға пайдаланып жүргенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осыған байланысты, киіктердің ауыл шаруашылығына залал келтіруін азайту, сондай-ақ олардың Батыс Қазақстан облысындағы мекенін сақтау мақсатында 2022 жылғы мамырда Бөкей ордасы резерваты құрылды. Алайда, киіктер популяциясының табиғи төлдеу жерлерінің 90% құрайтын 120 мың гектарға жуық жер резерватқа берілмеген. Қазіргі уақытта бұл жерлерді ауылшаруашылық құрылымдары мен ауыл халқы жайылым ретінде пайдаланады», - делінген жауапта.

Үкімет басшысы киіктердің мекендеу аумағы кейінгі 15 жылда 2 еседен аса қысқарғанын айтып отыр.

«Киіктердің мекендеу орындарының соңғы 15 жылда 2 еседен астам қысқарғанына қарамастан (2008 жылы 7856 гектардан 2022 жылы 3720 гектарға дейін) олар әдеттегі мекендеу ортасына оралуымен сипатталады, осыған байланысты қазіргі уақытта олардың Батыс Қазақстан облысында шаруа қожалықтарының жайылымдары мен егістік жерлеріне шоғырлануы артып келеді. Осыған байланысты киіктер санының тез өсуінен бастап олардың популяциясын басқарудың әртүрлі нұсқалары қарастырылды. Атап айтқанда, Зоология институты дайындаған ату арқылы биологиялық негіздемені ескере отырып, киіктердің санын реттеуді жүргізу жоспарланған болатын. 2022 жылы киіктердің санын реттеуге қатысты НҚА-ға өзгерістер енгізу арқылы 80 мыңнан астам киікті атуға рұқсат беру жоспарланды. Сонымен бірге, осындай шешіммен байланысты қоғамдық резонансты ескере отырып, бұл шара қолдау таппады», - деп жазады Әлихан Смайылов.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыздар.