Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперациялары неліктен фиаскоға ұшырайды?

Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперациялары неліктен фиаскоға ұшырайды?

Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперациясының дамуына мемлекеттік қолдаудың жоқтығы, сондай-ақ фермерлердің қаржылық, заңдық және салалық сауаттылығының төмендігі кедергі келтіреді. Қазақстандағы агроқозғалыс көшбасшысы Алмасбек Садырбайдың айтуынша, шағын фермерлер кооперативтерге бірігудің тиімділігін білмейді.

«Ауыл шаруашылығы кооперациясының, әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, берері мол әрі маңызы өте зор. Мысалы, Германияда агрокооперациялар халықаралық концерндерге дейін өсті. Осы елде бәрі кооперацияға негізделген, бұл үлкен плюс, өйткені фермерлер өз тауарларын қайда сатамын деп алаңдамайды, барлығы бекітілген схема бойынша жүзеге асырылып, фермердің табысы өсуде», - дейді сарапшы.

Алмасбек Садырбайдың айтуынша, Қазақстанда фермерлер үшін өз өнімдерін өткізу проблема болып қалуда. Шаруашылықты жүргізуді жалғастыру, шығындарды жабу үшін өнімді тиімді сату қажет. Алайда, іс жүзінде шешім таба алмаған ауыл тұрғындары шаруашылықтан құтылып, ауылдан кете бастайды немесе мүлдем басқа іспен айналысады.

«Заңды тұлға болып табылатын кооперативте сайланған төрағамен біріге отырып мұндай мәселелер шешіле бастауы мүмкін. Кооператив өткізу нарықтарын табады, фермерлердің мүдделерін қорғайды. Ал шаруалар өнімді сату жолдарын іздеп қиналмайды. Тұрақтылық, сенімділік пайда болады», - дейді агроқозғалыс басшысы.

Елдегі ауыл шаруашылығы кооперациясының баяу дамуы себептерінің ішінде сарапшы мемлекеттік қолдаудың, арзан несиелердің жоқтығын, жетілмеген салық саясатын атап отыр, мысалы, АШТӨ-ге бөлінетін субсидиялар ҚР Салық кодексінде табыс ретінде тіркелген, дегенмен іс жүзінде субсидиялар фермерлердің шығындарын өтейді. Осыған байланысты фермерлер көптеген есептерді тапсыруға мәжбүр.

«Қазақстанда жеке қосалқы шаруашылықтар туралы заң да жоқ. Бұл өте маңызды және агрокооперацияның дамуына кедергі келтіреді. Өйткені, мақсат - тікелей шағын фермерлерді біріктіріп, істерін дамыту», - деп атап өтті аграршы.

Сарапшының айтуынша, мысалы, жайылымдық кооперативтер күшімен заң бойынша кез келген бір елдімекенге тиесілі мал жаюға арналған жерлер де қайтарылуы мүмкін екенін атап өтті.

«Өте маңызды мәселе – фермерлердің ауыл шаруашылығы саласындағы сауаттылығын арттыру. Онсыз, тіпті күшті мемлекеттік қолдау болса да, нәтиже аз болуы мүмкін. Сондықтан агроқозғалыс шеңберінде біз қаржы, ветеринария, зоотехника бойынша жеделдетілген онлайн курстар аштық, мал тұқымдары және басқа да негізгі бағыттар бойынша білім берілуде», - дейді Садырбай.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2021 жылы Қазақстанда 3147 ауыл шаруашылығы кооперативі болған. Алайда, олардың арасында жоғарыда аталған себептерге байланысты қызметтері тоқтап қалғандар баршылық.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыздар.