Қазақстанда аграрлық кодекс әзірлеу ұсынылды

Қазақстанда аграрлық кодекс әзірлеу ұсынылды

АӨК қауымдастығы альянсының айтуынша, құжат саладағы қатынастарды реттеу үшін қажет.

Агроөнеркәсіптік кешен өкілдері депутаттарға Аграрлық кодексті әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері отандық агроөнеркәсіптік кешен өкілдерімен кездескені хабарланды. Олар ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстан агроөнеркәсіп кешені қауымдастығы альянсының ұйымдастыруымен осындай тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Агроөнеркəсіпшілер депутаттарға өздерінің заңнамалық ұсыныстарын жеткізді. Соның бірі – саладағы қатынастарды реттейтін Аграрлық кодекс әзірлеу. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау, қаржыландырудың қолжетімділігі, кадрларды даярлау және фермерлердің құзыреттілігін арттыру, ауылдық аумақтарды және жерді суландыруды дамыту, бірыңғай ауыл шаруашылығы салығын енгізу мәселелері көтерілді.

«Мәселелерді бірлесіп шешу керек, олар бәрімізге қатысты. Ынтымақтастыққа, жүйелі түрде кездесуге, ағымдағы жұмыстарға тартуға дайынбыз. Бұл күндері біз өзіміз қолға алатын өзекті тақырыптарды қалыптастырып жатырмыз, өз ұсыныстарыңызды күн тәртібіне шығаруға шақырамыз», – деп қорытындылады саланың қоғамдық бірлестіктері өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде тиісті комитет төрағасы Серік Егізбаев.

Мұндай кодекс қажет деп ойлайсыз ба?

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыздар.