Қазақ шаруалары қара тізімге ене ме?

Қазақ шаруалары қара тізімге ене ме?

«Shopan Ata» ұлттық агроқозғалысының атына аграршылардан «Gosagro.kz» порталының жұмысына қатысты шағымдар келіп түсуде. Осыған байланысты аталған платформа жұмысының өзекті мәселелерін талқылау бойынша ұлттық агроқозғалыс Төрағасы Алмасбек Садырбаевтың модераторлығымен zoom-конференция ұйымдастырылды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің, қаржы институттарының өкілдері қатысқан жиында «Qoldau» порталының жүйесіз жұмысы жаңа құрылған «Gosagro.kz» порталының жұмысын кешуілдетіп отырғанына баса назар аударылды.

Порталдың дұрыс жұмыс істемеуінен шаруалар есебін тапсыра алмай, борышкерлер тізіміне ілініп, кредиттік тарихы бұзылған. Шаруалардың шамына тигені де осы.

Онлайн отырыста әуелгілердің бірі болып сөз алған Дамир Егізбаев түрлі түйткілдің бар екенін жасырмады.

«Бұл жаңа ашылған портал. Кемшіліктері болуы заңды. Порталдың қазақ шаруаларынан басқа, Ауыл шаруашылығы министрлігінен басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан сіздер кемшің тұстарын айтыңыздар, біз ол қателіктерді жөндейік. Бірлесіп, жүйелі жұмыс істейтін портал құрайық», - деді ҚР АШМ баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.

Жиынға қатысқан министрліктің жауапты өкілдері еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан шаруалардың салмақты сұрақтарына сатылы жауап берді. Шаруалар өздерін мазалаған олқылықтар тізімін дайындап, министрлікке жолдайтын болды.

ҚР АШМ вице-министрі Бағлан Бекбауов келесі дүйсенбіден бастап әр өңірде жүйені түсіндіру жұмыстарын жүргізетін кеңселер ашылатынын да атап өтті.

«Осы жылдың басына дейін «Qoldau» ақпараттық жүйесі жұмыс істеп келген еді. Бұл жүйе заман талабына сай болмағандықтан, нарықтан кетті. Қазір жаңа жүйе құрылды. Кемшіліктері анықталып жатыр. Оларды бірлесіп реттейміз», - деді ҚР АШМ вице-министрі Бағлан Бекбауов.

Онлайн отырыстың модераторы, «Shopan Ata» ұлттық агроқозғалысының Төрағасы Алмасбек Садырбаев бұл жұмыстарға қолынан келген көмегін аямайтынын айтып, туындаған мәселелердің оң шешімін табатын арнайы жұмыс тобының құрылуы керек екенін ескертті.

Мемлекеттік субсидияның 25%-ын республикалық бюджеттен алған шаруа қаржының 10-20%-ын жергілікті бюджеттен алуы керек. Жергілікті бюджетен аталған пайыздық мөлшердегі қаржыны ала алмаған шаруалардың жайы не болады?

«Қазақ шаруалары мемлекеттік субсидияның әділ бөлінуіне, жер мәселесінің оң шешімін табуына, «Gosagro.kz» порталының жүйелі жұмыс істеуіне мүдделі!», – деді «Shopan Ata» ұлттық агроқозғалысының Төрағасы Алмасбек Садырбаев.

Отырыста осындай ірілі-ұсақты мәселелер талқыланды. Министрлік өкілдері еңбек адамдарын алаңдатқан мәселені жан-жақты зерттеп, тиімді шешу жолдарын ұсынбаққа бекінді. Таяу арада жүйенің дұрыс жұмыс істемеу себебінен несие тарихы бұзылған борышкерлерге айналған қазақ шаруаларының қара тізімге ілігу мәселесіне байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа хат жолданбақ.

Біздің Телеграм-каналымызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыздар.