Жыл сайын 3 млн тері қоқысқа тасталады – депутат

Елімізде жыл сайын шикі терінің тек 10-20 пайызы ғана сатылады. Ал 3 млн данаға жуық ірі қара терісі өңделмей жатыр. Олардың бәрі ауыл шетіне лақтырылып, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды одан әрі ушықтыруда. Мұндай мәселені осы аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Юрий Жулин көтерді, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған Ю.Жулиннің дерегінше, тері өндірісін дұрыс ұйымдастыра алмаудың салдарынан шаруалар шамамен 14 млрд теңгеден қағылып отыр.


Осыдан 5-6 жыл бұрын ауыл тұрғындары былғары шикізатынан айтарлықтай ақша табатын еді. Алайда 2016, 2017 және 2019 жылдары былғары кәсіпорындарын қолдау үшін теріні экспорттауға тыйым салынды. Бұл қадам тиісті нәтижені бермеді. Бүгінде кәсіпорындардың жүктемесі қуаттылықтың үштен біріне де жетпейді. Олардың саны да азайды, – деді Юрий Жулин.

Депутат экспортқа салынған тыйым саланы терең нокаутқа жіберді деп есептейді. Терінің көптігінен оның бағасы өзіндік құнның деңгейіне дейін төмендеп кетті. Өңірлердің көбінде тері жинау тоқталыған. Себебі тиімсіз.


– Сондықтан былғары өңдеу саласын қолдау керек. Бірақ мұны шаруалардың есебінен жүргізуге болмайды. Үкімет тері экспортына салынған тыйымды алып тастады. Алайда оның орнына экспорттық баж салығын енгізді. Терінің әр тоннасына 200 еуро төлеу керек. Фермерлер үшін бұлда шектеудің бір түрі, – дейді Мәжіліс депутаты.

Ю.Жулин атап өткендей, бүгінде тері өндірісіне екі мекеме жауапты – Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Сондықтан онымен нақты ешкім айналысқан емес. Қос мекеме жұмысты бір-біріне сілтеп келеді. Салдарынан шикізат көлемі өсті. Бірақ кәсіпорындардың жүктемесі тым аз. Шетел нарықтары да игерілген жоқ.


– Мысалы, Қытай теріні АҚШ пен Аустралиядан импорттауда. Ал біздің шаруалар далаға лақтырып отыр. Осылайша, қосымша табыстан қағылуда. Сондықтан бұл мәселені реттеу керек. Ол үшін тері өңдеу ісі Ауыл шаруашылығы министрлігіне басы бүтін берілуі тиіс. Сондай-ақ ауылдықтарды ынталандыратын шаралар қабылдау керек. Бұған қоса экспорттық баж салығының күшін жойған дұрыс, – деді Ю.Жулин.
Артқа оралу Келесі жазба