ЖҮН ӨҢДЕУ ІСІНЕ СУБСИДИЯ КЕРЕК – СЕНАТОР

Қазақстанда өндірілетін жүннің 70 пайыздан астамы өңделмей жатыр, деп хабарлайды Мalbazar.kz.


Сенатор Мұхтар Жұмағазиев жүн өңдеу мәселесін көтеріп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, былтыр елімізде 40,4 мың тонна қой жүні өндірілген. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға жоғары. Өндірілген жүннің 10,7 мың тоннасы немесе 26,5 пайызы ғана өңдеуге жіберілген. 3 027,3 мың долларға 6,8 тонна жүн экспортталған. Сонда 29,7 мың тонна өнім немесе жалпы өндірілген жүннің 73,5 пайызы өңделмеген күйі қалып отыр.


Елімізде 4 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қой өсірумен айналысады. Ал жүн өңдейтін 13 зауыт қана бар. Оның төртеуі ғана жүнді қайта өңдеудің толық циклімен айналысады. Қалған кәсіпорындар – киізден және қылшықты жүннен илепаяқ киім шығаратын фабрикалар. Демек, Қазақстанда жүннің терең өңделуі ісжүзінде тек киіз илеу өндірісімен ғана шектеледі. Оның үстіне 13 зауыттың 7-і ғана нақты жұмыс істейді. Былтыр сұраныс пен шикізаттың жоқтығынан жүн өңдейтін 6 кәсіпорын жұмыс істемеген. Қатардағы 7 кәсіпорынның жүктемесінің өзі тым төмен – 30 пайызға жетер-жетпес деңгейде, – дейді Мұхтар Жұмағазиев.

Депутаттың пікірінше, саланың бағы жанбай жүргені – бұған екі бірдей министрліктің жауапты болуында. Яғни, шикізат өндіру және тері мен жүнді бастапқы өңдеу Ауыл шаруашылығы министрлігіне, ал тері мен жүнді терең өңдеу Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайды. Сенатор салаға бір ғана министрлік жауапты болуы керек деп есептейді.


– Сондай-ақ тері мен жүн өңдеу саласына мемлекеттік қолдау шаралары керек. Субсидия төлеу мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Сонымен қатар қой шаруашылықтарынан және тұрғындардан жүн сатып алудың орталықтандырылған жүйесін ұйымдастыру үшін барлық өңірде тері мен жүнді қабылдайтын сервистік-дайындау пункттерін құру маңызды, – дейді сенатор.

Артқа оралу Келесі жазба