ЖЕРДІҢ ИЕСІ КОНКУРС ӨТПЕЙ ЖАТЫП-АҚ АНЫҚТАЛАДЫ – БАТЫСҚАЗАҚСТАНДЫҚ ШАРУА

Орал қаласында өткен батысқазақстандық шаруалардың өңірлік құрылтайында жер комиссиясына қатысты көпсын айтылды, деп хабарлайды Мalbazar.kz.
– Теректі ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді кімдердің алатыны конкурсқа дейін шешіліп қояды. Сол төңіректе жүргендер конкурсқа түсу я түспеу керектігін де алдына ескертеді. Бұл сонда қандай конкурс? Президент айтқан ашықтық қайда? Аталған мәселе Теректі ауданына ғана емес, тұтас ресубликаға ортақ. Осыны реттеу керек. Жер комиссиясына әкімдіктің ығына жығылмайтын адамдарды тартқан дұрыс. Конкурс әділ өтуі керек, – дейді Теректі ауданынан келген кәсіпкер Аслан Өтекешев.


Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов конкурстың ашық болуы керектігін мойындады.


– Бірақ мұның бәрі «есік алдында» айтылатын әңгімелер ғой. Жерді мен де ала алмай қалсам, комиссияны айыптар едім. Басқалар да сөйтеді. Комиссия шешкен соң, басы артық әңгіме болмауы керек, – деді Арман Өтеғұлов.


Осы орайда «Shopan ata» ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасыАлмасбек Садырбаев жер комиссияларының құрамына жергілікті шаруаларды тартуды ұсынды. Сонда ғана комиссияға деген сенім күшейетінін жеткізді.


– Мәселен, біз Жәнібек ауданы бойынша комиссия мүшелігіне «Shopan ata» қауымдастығының өкілін ұсындық. Бірақ қабылдамады. Басқа аудандар ұсынысты құп көргенімен, дәл осы аудан ортақ талапқа бағындай отыр. Біздің қауымдастық секілді басқа да ұйымдардың осындай кедергілермен бетпе-бет келіп отырғаны жасырын емес, – деді Алмасбек Садырбаев.


Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Асхан Молдағалиевтің түсіндіруінше, аудандық жер комиссиясының құрамында 11 адам бар. Алайда ол нақты кімдер мүше екенін айтып бере алмады.


Еске сала кетейік, бүгін Орал қаласында батысқазақстандық шаруалардың өңірлік құрылтайы өтті. Оны «Shopan ata» ұлттық мал өсірушілер қауымдастығы ұйымдастырды. Бұған дейін дәл осындай құрылтай Маңғыстау және Атырау облыстарында өткен-ді. Алдағы күндері Ақтөбе және Қызылорда облыстарында ұйымдастырылмақ.

Назад Следующая запись