Жем-шөппен қамту аудан әкімдерінің міндеті – Ербол Қарашөкеев

9-10 ақпан күндері Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осылай деді, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Ведомствоның ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, министр маңғыстаулық фермерлермен кездесіп, жем-шөп бағасын бақылап, операторлардың қоймаларын қарап шыққан. Сондай-ақ облыстың ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты.


Е.Қарашөкеев өңірдегі барлық мал басының 40 пайызы ұйымдастырылған шаруашылықтарда шоғырланғанын атап өтті. Осыған байланысты ведомство басшысы фермерлерді алдағы кезеңде жем-шөппен қамтамасыз ету жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Министрдің пікірінше, жергілікті атқарушы органдар мен аграршылар жаңа механизмдерді әзірлеп, жазғы кезеңде мал азығымен қамтамасыз ету үшін қосымша мүмкіндіктерді қарастыруы қажет.


Министр жем-шөппен қамтамасыз ету аудан әкімдерін міндеті екенін айтып, аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарды осы мәселелерді шешуге шақырды. Сондай-ақ олардың тікелей функционалдық міндеттерін іске асырудағы енжарлығын сынға алды.


Маңғыстау облысының фермерлерін қолдау мақсатында Азық-түлік корпорациясының резервінен 220 тонна кебек жеткізілді, ол арзандатылған бағамен сатылады. Бұдан бөлек астықты өңірлерден 1 000 тонна өнім жөнелтілуге дайын, – деді министр.


2022 жылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша Маңғыстау өңірінде 363,4 мың ұсақ мал, 113,5 мың жылқы, 82,2 мың түйе және 24,5 мың іріқара мал бар.


Артқа оралу Келесі жазба