УТИЛЬ АЛЫМ: ШАРУАЛАР ШИРЫҒЫП ОТЫР

Отандық шаруалар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған утиль алымды есептеу әдістемесімен келіспей отыр, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Министрліктің хабарлауынша, утиль алымның базалық мөлшерлемесі мен коэффициенттері автокөлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының әртүрлі санаттарына қатысты әзірленген.


«Шопан Ата» Агро қозғалысының жетекшісі Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, министрлік ұсынып отырған есептеу әдістемесі дұрыс емес.


– Ауыл шаруашылығы техникасына арналған утиль алымды мүлдем алып тастау керек. Бұл – Қазақстандағы барша шаруалардың тілегі. Біз Үкіметтің ауыл шаруашылығы техникасына утиль алымды енгізуіне қарсылық танытып, мемлекеттік органдармен ортақ тіл табысуға тырысып келеміз. Бірақ үнімізді ешкім естіген жоқ. Сондықтан дәл осы әдістеме қабылданатын болса, шаруалар нақты әрі түбегейлі қадамдарға барамыз. Біздің жағдайымызды ешкім ескермесе, біз де ештеңеден тайныбаймыз, – дейді Алмасбек Садырбаев.

Оның есептеуінше, қазақстандық шаруалар МТЗ-80 тракторы үшін 842 325 теңге (153 150 * 5,5 = 842 325) көлемінде утиль алым төлеуі керек. Ал комбайн үшін 6 млн теңгеден астам қаржы шығындауы тиіс.


– Бұл ақылға сыймайтын дүние. Сондықтан біз, шаруалар өз ұстанымымызда қаламыз. Яғни, ауыл шаруашылығы техникасына арналған утиль алымы алынып тасталуы керек. Сондай-ақ шаруалардың үніне құлақ аспаған, осы бастаманы ұсынып, қызғыштай қорғап отырған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр отставкаға кетуі керек, – деді Алмасбек Садырбаев.


Министрлік ұсынған құжатпен «Ашық НҚА» сайтына өтіп танысуға болады. Құжат 31 наурызға дейін көпшіліктің талқылауына ұсынылған.


Артқа оралу Келесі жазба