ТЫҢАЙТҚЫШТАРДЫ СУБСИДИЯЛАУ ӘРІ ҚАРАЙ ЖАЛҒАСАДЫ

Тұқым сатып алу, қайта өңдеуге тапсырылатын дақылдар өндіру, су беру қызметін субсидиялау да былтырғы шамада сақталады, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселесін пысықтады. Жиында шаруаларды осы күнге дейін дүдәмал ойға жетелеп келген Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірқатар бәтуәсіз бастамаларына нүкте қойылғандай болды.


Атап айтқанда, Премьер-Министр тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу құнының 50%-ын субсидиялау әрі қарай жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ тұқым сатып алу, қайта өңдеуге тапсырылатын дақылдар өндіру, су беру бойынша көрсетілетін қызмет құнын субсидиялау да былтырғы шамада сақталатын болады. Техникаларды жаңарту үшін Үкімет кредиттер мен лизинг үшін инвестициялық субсидиялау және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көлемін ұлғайтады.


Әлихан Смайыловтың отырыста берген тапсырмаларынан кейін қолданыстағы субсидиялар санын қысқартуға бел шеше кіріскен Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы ойлануға тиіс. Ал шаруалар субсидияларға қатысты орынды шешім қабылдаған Үкімет басшысына дән риза. Демек, шаруалардың шырылдаған үні жоғары жақтағы шенділердің құлағына жетті деген сөз.


Осы орайда, субсидияларды қысқартуға «Шопана Ата» Агро қозғалысының да қарсы шығып, мұндай қадамның тиімсіз екенін Үкіметке жеткізуге тырысқанын атап өткен жөн.

Артқа оралу Келесі жазба