ТҮРКІСТАН ШАРУАЛАРЫ ЖАЙЫЛЫМНАН ҚУЫЛМАЙТЫН БОЛДЫ

Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік қорығының аумағында мал жаюға ешқандай кедергі жоқ, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Осыдан біршама уақыт бұрын түркістандық шаруалар жайылым мәселесін көтеріп, «Шопан Ата» Агро қозғалысынан көмек сұраған еді. Тиісінше, Агро қозғалыс Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми хат жолдады.


Мемлекеттік органның берген жауабында Оңтүстік-Қазақстан мемлекеттік қорығының аумағында мал жаюға ешқандай кедергі жоқ екені айтылған. Демек, түркістандық малшылар жайылымнан қуылмайды деген сөз. Тек, тұрғындар ерекше қорғалатын табиғи аумақта сирек кездесетін және жойылу қауіпі төнген жабайы жануарлардың мекендеу орны мен миграция жолдарына кедергі келтірмеуі керек.


«Шопан Ата» Агро қозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың пікірінше, мал жаюға рұқсат берілді екен деп, арқаны кенге салуға болмайды. Өйткені, қорықтарға қатысты мәселелер барлық

өңірде кездеседі.


– Біріншіден, кешегі совхоз, колхоз ыдыраған кезде қорықтар аумағына еніп кеткен жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға қайтару керек. Екіншіден, қорық аумағына құдық қазуға рұқсат берілуге тиіс. Себебі қазір су мәселесі өзекті болып тұр. Үшіншіден, қорық аумағына шаруалар салған үйлер мен қора-қопсыны, құдықтарды меншік иесіне беріп, заң аясында реттеп, мемлекеттік акті алуға мүмкіндік жасалуы керек. Төртіншіден, қорықтарға қатысты мәселені Парламент деңгейінде көтеріп, жан-жақты зерделеу маңызды, – дейді Алмасбек Садырбаев.


Артқа оралу Келесі жазба