ШРИ-ЛАНКАДА АШТЫҚ: АДАМДАРЫ КҮНІНЕ БІР РЕТ БОЛСЫН ТАМАҚТАНА АЛМАЙ ЖҮР

Пандемия соққысы Үнді мұхитындағы Шри-Ланканың экономикасын қақыратты. Себебі негізгі кірісі туризм еді. Қатаң карантиндік шектеулерден көк тиын табыссыз қалған елдің ұлттық валютасы да құнсызданып кетті. Сондай-ақ бұл ел үшін тағы бір кіріс көзі саналатын шай өндірісінің де жағдайы мәз емес.

Шай өндірісінің дағдарысқа ұшырауына былтыр Шри-Ланка үкіметінің тыңайтқыштарды қолдануға тыйым салуы ерекше кесірін тигізген. Бұл шешімдерін билік тарапы химиялық тыңайтқыштардың адам денсаулығына зияны бар деп түсіндірді. Шай өндірісі алғашқы тоқсанның өзінде бақандай 15%-ға кеміп кеткен. Бұл 2009 жылдан бері тіркелген ең төменгі көрсеткіш. Шри-Ланканың Шай өндірушілер одағының таратқан ақпаратына сәйкес, құрғақшылықтың зардабынан үлкен көлемдегі алқаптарға тыңайтқыш ауадай қажет. Бірақ шектеу салдарынан өнімділік сәт сайын төмендей түсуде.


Плантациядағы қарапайым жұмысшылардың жағдайы мүшкіл. Олар күніне бір рет болсын тамақтана алмайды. Себебі күніне 900рупий немесе бар болғаны 2,5АҚШ доллары көлемінде табыс табады. Ал ауыздықсыз кеткен инфляция салдарынан қант, ұн, күріш күрт қымбаттап кеткен. Ел ішіндегі шетелдік валюта тапшылығы импортталатын азық-түліктің тапшылығына қатты әсер еткен.

Артқа оралу Келесі жазба