АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАҒЫ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН

Қазақстанда азық-түлік бағасы тағы қымбаттауы мүмкін. Бұған Индонезия үкіметінің 28 сәуірден бастап пальма майы мен шикізатын шетке шығаруға тыйым салуы себеп, деп хабарлайды Malbazar.kz

Индонезия президенті Джоко Видодоның сөзінше, бұл шешім ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін қабылдаған. Пальма майының экспортына салынатын тыйым Қазақстан мен Ресейдің тағам өнеркәсібіне зиян келтіреді. Ресей жылына $1млрд-тан астам сомаға 1 млн тонна пальма майын сатып алады екен. Қазақстан 2018 жылғы дерек бойынша 46 мың тоннадан астам пальма майын импорттаған.

Пальма майын азық-түлік саласындағы кәсіпорындар кең пайдаланады. Оны кондитерлік өнімдерге, консервілер дайындауға, жартылай шикізат тамақ түрін дайындауға қолданады. Мұның себебі пальма майы тағам өнеркәсібінде қолданылатын ең арзан майдың қатарына жатады. Елдегі инфляция өскен, ал халықтың әл-ауқаты нашарлаған сайын пальма майы қосылған тағам түрі көбейе береді.

Еуроодаққа мүше елдер пальма майында қатерлі ісік ауруын тудыратын канцерогендер бар деп санап, оны импорттауға шектеу қойған. Сондықтан Индонезияның пальма майын экспорттауға тыйым салуы бірінші кезекте Қазақстан, Ресей секілді елдердің экономикасына, тағам өнеркәсібіне зиян келтіруі, ішкі нарықтағы азық-түлік бағасын өсіруі мүмкін.

Артқа оралу Келесі жазба