ПАВЛОДАРЛЫҚ ҰН ӨНДІРУШІЛЕР ШИКІЗАТСЫЗ ҚАЛДЫ

Кәсіпкерлер отандық астықты экспорттауға тыйым салуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Павлодарлық ұн өндірушілер ел Президентіне ұжымдық хат жолдады. Олар отандық астықтың экспортына тыйым салу керек деп санайды. Ішкі нарықта ештеңе қалмағандықтан, өңдеушілер Ресей астығын сатып алуға мәжбүр. Ал қазір әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты Ресейден шикізат әкелу мүмкін емес. Сол себепті отандық ұн өндірушілердің басына қара бұлт үйіріліп отыр.


– Павлодарлық ұн өндірушілердің қолда бар шикізаты алдағы екі аптаға ғана жетпек. Одан кейінгі жағдайдың қалай болатыны белгісіз. Жаңа астықты орып, кәдеге жаратқанша 7-8 ай бар. Демек, енді кәсіпорындар жұмыс уақытын, жұмысшылар санын қысқартуға мәжбүр болады. Өнім бағасы да өсуі мүмкін. Мұндай жағдай ел тарихында бұрын-соңды болған емес, – дейді кәсіпкер Ербол Досыбаев.


Трейдерлер жергілікті астықты белсенді түрде шетелге экспорттап келеді. Бір ғана Павлодар облысынан былтыр жиналған 750 мың тонна астықтың 550 мың тоннасы шетелге кеткен. Ал жыл басынан бері 160 мың тонна астық экспортталған.


– Сондықтан астық экспортына тыйым салу керек. Болмаса баж салығын енгізсін. Өкінішке қарай, шенеуніктер мәселені шешуге асығар емес. Елдегі жағдайды тиімді пайдаланған өзбектер өз ұнын импорттай бастады. Бұл мәселеге ел Президенті араласуы керек деп ойлаймыз, – дейді кәсіпкер Жанар Серімова.


Еске сала кетейік, астық экспортына тыйым салу мәселесі «Шопан Ата» Агро қозғалысының өңірлерде ұйымдастырған құрылтайларында бірнеше мәрте көтерілген болатын. Экспортты шектеу елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, төрт түлік малға қажетті жем-азық қорын да қалыптастырар еді. Сонда былтырғыдай қуаңшылықта мал да қырылмас еді.


Артқа оралу Келесі жазба