Субсидияға қатысты жаңа міндеттемелер жемқорлыққа жол ашуы мүмкін – Алмасбек Садырбаев

«Shopan ata» Қазақстан қой өсірушілері ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың пікірінше, фермерлерге қойылатын жаңа талаптардың бір бөлігі субсидия алушыларды құқық бұзушылыққа итермелеуі мүмкін, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

15ақпанда өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі мал шаруашылығы саласында мемлекеттік демеуқаржы алушылар жыл сайын мал басын кемінде 5%-ға ұлғайтуы керек деп мәлімдеді. Сондай-ақ 100 аналыққа шаққанда кемінде 80 бас төл алуы керек.


А.Садырбаевтың айтуынша, субсидия алып отырған соң, мемлекет тарапынан қарсы міндеттемелердің қойылуы орынды. Бірақ олардың бәрі орындалатын талап болуы керек және фермерлерді қандай да бір тәуекелдерге, сыбайлас жемқорлыққа, жалған ақпаратқа итермелемеуі тиіс.


– Аналық малды көбейту қолдан келеді. Алайда талап етіліп отырғандай, 80 пайыз төл алу мүмкін емес. Бұл ұсынысты Қазақстан фермерлер одағы ұсынды. Қазір фермерлер мұндай көлемдегі төлді бере алмайды. Өйткені бізде тиісті генетика жоқ, жемшөп базасы жұпыны, ветеринария жағдайы нашар. Осы талаптарды ұсынған адам әлі де Кеңес одағында өмір сүретін секілді. Бұл талаптар біздің фермерлерді кез-келген құқық бұзушылыққа итермелейді, қосымша проблема тудырады. Онсызда қазір дау-дамайдан, сыбайлас жемқорлықтан арыла алмай отырмыз. Мұның бәрі орынсыз талаптардан туындайды, – дейді сарапшы.

Қауымдастық басшысының пікірінше, 100 аналыққа шаққанда кемінде 50-60 бас төл алуға ғана мүмкіндік бар.


– Меніңше, ең бастысы төрт түліктің басын сақтау керек. Ал түрлі манипуляцияларды ойлап табудың қажеті жоқ. Егер түліктің жасы келсе, жасарту керек. Мал басын сақтау һәм көбейту дұрыс қадам. Мемлекеттік демеуқаржы алушылар жыл сайын мал басын кемінде 5%-ға көбейтуі керек дегені де орынды. Ал 100 аналықтан 80 пайыз төл алу мүмкін емес. Малшылар үшін бұл ақылға қонымсыз дүние. Бұл жылқышылар үшін де қолжетімді емес. Ал 50-60 пайыз төл алу қолдан келеді, – дейді А.Садырбаев.
Артқа оралу Келесі жазба