ЖАТАЛАҚШЫП, ОРНЫНАН ТҰРМАЙДЫ...

Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбада ауруға шалдыққан жылқының жаталақшып тұрғысы келмегенін байқауға болады, деп хабарлайды Malbazar.kz
«Бие кеше қораға кіргенде барлығы жақсы еді. Бүгін жағдайы мынадай, орнынан тұрмайды, жата береді, бұл неден деп ойлайсыздар? Буаз бие еді, не болып қалғанын білмедім. Қандай кеңес бересіздер?», — дейді бейнежазбаға түсіріп жүрген әлдебір ер адам.

Кейін мұның Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында болған жағдай екені анықталды. Мал дәрігерлері оны жылқыда кездесетін киеңкі ауруы деп болжайды.


«Бейнежазбаны мал иесі өрісте түсірген. Біз мұны киеңкі ауру деп болжап отырмыз. Бұл аурумен ауырған жылқының таңдайына, ерніне қан ұйып, шөп жей алмай қалады. Негізі емі бар, бірақ жылқының иесі ауылға әкеле алмай отыр», — дейді Миялы ауылының мал дәрігері Гүлжанат Мұқашева.

Г.Мұқашева енді ауру арық жылқыны әкелмесе, өздері барып көрмекші. Айтуынша, мұндай ауру өңірде бұрын-соңды кездеспеген.

Артқа оралу Келесі жазба