МАҢҒЫСТАУДА ШАРУАЛАРДЫҢ ӨҢІРЛІК ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТТІ

Ақтауда «Shopan ata» Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының ұйымдастыруымен маңғыстаулық шаруалардың өңірлік құрылтайы өтті. Оған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Іс-шараға мұрындық болған «Shopan ata» Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, құрылтайдың мақсаты – ауыл шаруашылығы саладағы қиындықтармен бетпе-бет келіп отырған шаруалардың үніне құлақ түру, олардың ой-пікірін, арыз-шағымын, ұсыныс-тілегін ел Президенті Қасым-ЖомартТоқаевқа жеткізу.

Құрылтайда ауыл шаруашылығын несиелендіру, субсидиялау, жанар-жағар май бағасын реттеу, агротехникаға қатысты утиль алымды алып тастау, ветеринарияны реформалау, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, аграрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

А.Садырбаевтың айтуынша, жергілікті шаруалардың мәселесі шаш-етектен. Сондықтан оларға барынша демеу көрсеткен дұрыс. Қауымдастық әрбір шаруаның басындағы проблеманың Президентке жетіп, оң шешімін тапқанын қалайды.

– Жергілікті шаруалардың проблемасына назар аударылмайды. Олардың үні, талап-тілегі жоғары жаққа жетпейді. Сондықтан біздің Қауымдастық алдағы уақытта еліміздің бірнеше өңірінаралап, шаруалар құрылтайын өткізбек. Алғашқы шараны Ақтау қаласында ұйымдастырдық. Былтыр маңғыстаулық шаруалардың қандай қиындықтармен бетпе-бет келгені белгілі. Сол себепті біз шаруалар мен Президенттің арасына алтын көпір болсақ дейміз. Мұндай құрылтай бірнеше өңірде өткізіледі. Оны Нұр-Сұлтан қаласында өтетін қазақ шаруаларының ІІ республикалық құрылтайымен түйіндейміз, – дейді Алмасбек Садырбаев.

Артқа оралу Келесі жазба