КИІКТІ ҚЫРАМЫЗ БА, ҚАЙТЕМІЗ?

Жайылым жетіспей жатыр. Батыс Қазақстан облысына қарасты Жаңақала, Казталов, Жәнібек аудандарының шаруалары осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды Malbazar.kz.

Шаруалардың айтуынша, өрісте төрт түлік емес, киік қаптап жүр. Соның салдарынан малға жайылым жетіспей, көпшілік зардап шеге бастады. Бұл мәселе 2021 жылы да көтерілген еді.

Жалпы былтырғы санақ бойынша елімізде 840 мыңнан астам ақбөкен анықталған. Мұның 80 пайызы батыс өңірінде жүр. Осыдан-ақ, шаруалардың дала жануарынан зардап шегіп отырғанын бағамдауға болады. Сол үшін де шаруа қожалықтарының қожайындары ауы лшаруашылығы министрінен киік санын шектеуді немесе резерват құруды сұраған еді. Алайда, шаруалардың өтініші әлі ескерілмей келеді. «Бұған құлақ асатын министр жоқ, көрмей, естімей отыр» деп ренжиді шаруалар.

«Киікке қатысты мәселе жылдан-жылға, күннен-күнге күрделеніп бара жатқаны рас. Мұны бәріміз жиналып, жоғарғы жаққа айтуымыз керек. Болмаған жағдайда браконьерлермен атысуымыз керек-ау. Шаруа қожалықтарының бәрінде бір-бір мылтықбар. Басқа «вариант» көрмей тұрмын. Киіктің басын азайту қажет. Бұрын Кеңес кезеңінің уақытында киік көбейіп кетсе атып, дүкендерге өткізіп, етін сатқан ғой. Қазір де жерімізді отап, зардап келтіріп жатса, халыққа пайдасы тисін, 1-2ай дүкендерде киік еті деп сатқан дұрыс. Еттің бағасы да арзандайды. Себебі ақбөкен шамадан тыс көбейіп кетті», – дейді Батыс Қазақстан облысының кәсіпкері Нұрлыбай Жолдыбайұлы.

Бұл мәселеге қатысты Экология министрлігіндегілер жауап берді.

«Киіктер жыл сайын орта есеппен 40% көбейіп келеді. 2017 жылы 152 мың болса, 2021 жылы 842 мыңға дейін жеткен. Киіктер Бетпақдала, Орал және Үстірт аймақтарында ерекше көбейген. Тек Орал таралымының өзінде 2022 жылы шамамен 1 млн басқа жетуі мүмкін. Ақбөкендер популяциясының өсуі салдарынан қолдағы малға жайылымдар мен су жетіспей қалу мәселесі жиілеп кетті. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысының аумағында киіктердің өсуі ерекше алаңдатып отыр. Қазіргі таңда киіктердің популяциясын басқару мәселесі ғылыми ұйымдарда пысықталып жатыр», – деді Экология министрлігіндегілер.

Артқа оралу Келесі жазба