ҚАЗАҚСТАН 700 МЛН ДОЛЛАРДЫҢ АЗЫҚ-ТҮЛІГІН ИМПОРТТАП ОТЫР

Қазақстан өзін бірқатар азық-түлік түрімен қамтамасыз ете алмайды. Оларға алма, құс еті, қант, сүзбе, ірімшік өнімдері және шұжықтар жатады. Бұл өнімдер елімізде жеткілікті мөлшерде өндірілмейтіндіктен, 700 миллион долларға басқа елдерден әкелінеді, деп хабарлайды Malbazar.kz

Ішкі нарық тек он бір тауар түрімен толық қамтамасыз етілген, олардың өндірісі қажетті көлемнен де асып түседі. Бұл макарон, нан, картоп, күріш, қияр, қой еті, бидай ұны, қарақұмық, тұз, сүт және жұмыртқа сияқты тағамдар.

Ал дүкен сөрелері он екі түрлі азық-түлік бойынша 80 пайызға қамтамасыз етілген. Атап айтар болсақ: күнбағыс пен сары май, ашытылған сүт өнімдері, шошқа еті, жылқы еті, сиыр еті, сондай-ақ кейбір көкөністер: бұрыш, қызылша, пияз, қырыққабат, сәбіз және қызанақ.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарық азық-түліктің негізгі жиырма бес түрімен 80 пайыз қамтамасыз етілсе, оның он тоғызы әлеуметтік маңызы бар тауарлар болған.

Артқа оралу Келесі жазба