ЕКІ ӨҢІРДЕ КҮРІШ АЛҚАПТАРЫ ҚЫСҚАРУЫ МҮМКІН

Қызылорда мен Түркістан облыстарына күріш алқаптарын қысқарту ұсынылды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Қызылорда облысы бойынша магистралдық және шаруашылықаралық каналдарды механикалық тазалау жүргізілуде. 67 қосымша сорғы сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ суармалы суды ұтымды бөлу және су бөлу бойынша шаралар қабылданатын болады. Бұдан басқа, өткен жылдың тәжірибесі бойынша суару кезектілігі және коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану қолданылатын болады. Қалыптасқан жағдайды ескеріп, әкімдікке күріш егісін қысқарту ұсынылды, – деді ол министрліктің алқа мәжілісінде.


Вице-министр Түркістан облысы бойынша Мақтарал және Жетісай аудандарындағы Достық каналының егіс алқаптарында күріш егістерін жою ұсынылғанын айтты.


– Сондай-ақ магистральды және шаруашылықаралық каналдарды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану үшін қосымша сорғыларды сатыпалу жұмыстары жүргізілуде. Сырдария өзенінің ағысын ескере отырып, Көксарайға судың жетпеу қаупі жоғары. Осыған байланысты Түркістан облысының әкімдігіне Көксарай контрреттегіші аумағындағы жерлерде егістікті екпеу ұсынылды, – деді вице-министр.


Артқа оралу Келесі жазба