ІШКІ НАРЫҚ ТЫҢАЙТҚЫШПЕН ҚАЛАЙ ҚАМТЫЛАДЫ?

Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты күрделене түскен мәселеге Үкімет назар аудара бастады, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Көктемгі дала жұмыстары басталар шақта шаруаларды минералды тыңайтқыштармен жеткілікті көлемде қамту маңызды міндеттің бірі. Өкінішке қарай, ендігі жерде осының өзі үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Себебі Ресей минералды тыңайтқыштар экспортына тыйым салмақ. Солтүстіктегі көршіміздің әлемдегі минералды тыңайтқыштар өндіретін алпауыт ел екенін ескерсек, мұның салқыны Қазақстанға да тиеді. Өйткені біздің елде қолданылатын тыңайтқыштардың көп бөлігі Ресейден жеткізіледі.


«Шопан Ата» Агро қозғалысы елден бұрын аталған мәселеге назар аударып, дабыл қаққан болатын. Себебі тыңайтқышсыз мол өнім алу мүмкін емес. Осының салдарынан елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнуі мүмкін.


Осы аптада Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында минералды тыңайтыштар мәселесін көтеріп, тиісті тапсырма берді. Яғни, енді отандық өндірушілер алдымен ішкі нарықты қамтасыз етуі керек. Демек, біздің елде де экспортқа тыйым салынуы мүмкін.


Деректерге сүйенсек, биыл барлығы 658,7 мың тонна минералды тыңайтқыш керек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,2 мың тоннаға артық.

Назад Следующая запись