ДОЛЛАР БАҒАМЫ ТҮСТІ, АЗЫҚ-ТҮЛІК НЕГЕ ҚЫМБАТ?

«Доллар бағамы түсті ғой, енді азық-түлік арзандай ма?». Бұл көпшіліктің көкейіндегі ең басты сауалдың бірі, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабековтің айтуынша, наурыз айында доллар күрт көтерілгенде халық дүрлігіп қалған. Жаппай дүкенге лап қойған. Сұраныс артқасын сауда желілері де бағаны көтеріпті. Қазір доллар бағамы түсті, баға да біртіндеп төмендеуге тиіс.


Азық-түліктің қымбаттауына маусымдық фактор, қордың азаюы, Өзбекстан мен Пәкістаннан балғын өнімдердің келуі, жанармайға салынатын акциздің өсуі сынды басты себебі бар екен. Шикізат, тыңайтқыш, логистика, ветеринариялық препараттар бағасының өсуі де әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қымбат болуына әсер етеді.


Бағаның өсуіне қаңтар оқиғасы да белгілі бір үлес қосқан. Қуаңшылық салдарынан жем-шөп қымбаттағасын ет-сүт, жұмыртқа бағасы да өскен. Міне, соған қарағанда мәселе долларда ғана болмаса керек. Кім білсін, арзандайтын да шығар? Қазір құзырлы министрлік өкілдері базарларды тексеріп жатыр екен.

Артқа оралу Келесі жазба