АӨК СУБСИДИЯЛАРЫН 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН САҚТАУ КЕРЕК – МӘЖІЛІСМЕН

Мәжіліс депутаты Альберт Рау Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасына қарсы шықты, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Депутаттың пікірінше, министрлік қолданыстағы субсидияларды 42-ден 20-ға дейін қысқартпақ.


– Министрлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің нұсқамаларына сәйкес, мемлекеттік қолдаудың бірқатар түрінен бас тартып, оларды жеңілдетілген несиемен алмастыруды көздеп отыр. Демек, бұл жолы да қаражат фермерлерге емес, банктерге түседі деген сөз, – деді А.Рау Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.


Мәжілісмен субсидия үлестіру кезіндегі заң бұзушылықтардың көбі шенеуніктер тарапынан жіберілетінін, осының салдарынан шаруалар зардап шегетінін алға тартты.


– Министрлік мемлекеттік қолдау шараларын әкімшілендіруді реттеудің орнына, олардан біржола бас тартқанды құптап отыр. Ендеше жемқорлық белгілері бар деп жол, мектеп, аурухана салуды доғарайық! Жаңа министр тағайындалған сайын саладағы қолдау шараларының ойын ережесі де өзгереді. Мұны Мемлекет басшысы да атап өткен-ді. Ал бұл жолы ойын ережесі түбегейлі өзгермек, – деді А.Рау.


Шаруалар бірқатар субсидиядан бас тарту, агроөнеркәсіп секторын шығынға батырады деп дабыл қағуда.


– Егер қазір қолдаушараларынан бас тартсақ, ертең жаңа жобаларды бастау тіпті қиынға соғады, –дейді мәжілісмен.


Сонымен қатар министрлік субсидиялардың бір бөлігіне өңірлерді жауапты етпек. Депутат мұндай қадам тиімсіз екенін жеткізді. Өйткені облыстық бюджеттерді бөлу кезінде агроөнеркәсіптік кешенге қажетті қаражат жеткілікті көлемде бөлінбейді. Ол аздай аймақтық билік қандай субсидияларды төлеуге болатынын және қайсысынан бас тарту керектігін өздері шешеді.


– Субсидия төлемдерін облыстық деңгейге беру – олардың күшін жойғанмен бірдей. Осының салдарынан азық-түлік бағасы өседі. Бұл өз кезегінде ЕАЭО-дағы серіктес елдерден келетін импорт көлемін арттырады. Сондықтан қолданыстағы субсидияларды 2025 жылға дейін сақтау керек, – деді депутат.



Артқа оралу Келесі жазба