АТЫРАУЛЫҚ ШАРУА: ҚҰРТТАҒАН СУДАН МАЛ ҚЫРЫЛУДА

Жергілікті шаруалар Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің жұмысына риза емес, деп хабарлады Мalbazar.kz.

«Shopan ata» Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығы ұйымдастырған Атырау шаруаларының өңірлік құрылтайына келген шаруалардың дені су мәселесін көтерді. Оның ішінде ТЭЦ каналының суын пайдалану жайы құрылтай барысында бірнеше мәрте сөз болды.

– ТЭЦ каналының төңірегіндегі 13 шаруашылықтың мұң-мұқтажын жеткізу үшін келдім. Бұл мәселені соңғы рет үш ай бұрын көтергенбіз. Жалпы, жыл сайын айтылатын мәселе ғой. Содан бері ештеңе шешілген жоқ. Каналдың суы тартылып, төрт түлік мал шалшық суды ішіп отыр. Салдарынан бауырқұрт деген ауру тарайды. Малымызды көбейтеміз десек, керісінше құрттап өлетін болды. Каналға екі мезгіл су жібереміз деп еді. Бірақ мәселе шешілер емес. Жалпы, бұл төңірекке мал ұстаудың қажеті бар ма, жоқпа, соны білгіміз келеді. Каналға қатысты мәселе нақты шешіле ме, жоқ па? – деді Қайыршақты ауылдық округінің Серік есімді тұрғыны.


М.Досмұхамбетовтің айтуынша, бұл күрделі мәселе. Сондықтан каналдың суын толықтырудың жолдарын қарастыру керек дейді.


–ТЭЦ каналының төңірегінде мал жайып отырған шаруашылықтардың жайын жеке қарастыру керек. Шаруалар мал басын арттырғысы келеді. Ал судың деңгейі төмен түсіп кетсе, мал басын көбейту мүмкін емес. Сол себепті мәселені пысықтау қажет, – деді облыс әкімі.


Алайда жергілікті тұрғын Қайыршақты ауылдық округі әкімінің есептік кездесуінде ТЭЦ-тің мамандарымен жолыққанын айтты. Олар Жайық-Каспий бассейндік инспекциясымен бірлесіп каналға су жіберуге болатынын айтқан.


Махамбет Досмұхамбетов құрылтайға қатысқан аудан әкімдері мен басқарма басшыларына берілген тапсырмалардың уақытылы орындалуы керек екенін еске салды.

Артқа оралу Келесі жазба