АТЫРАУДА ЖЫЛҚЫ ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Ветеринарлар жылқылардың қандай ауруға шалдыққанын анықтай алмай отыр, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Атыраулық азаматтар «Шопан Ата» Агро қозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбаевқа хабарласып, көмек сұрады. Олардың айтуынша, жылқылар ауруға ұшырап, жаппай қырылуда.


– Жылқылар артқы аяқтарының буынын ұстай алмайды, ауыздарынан қан кетуде, дем жетпей қиналуда. Малшылар да, ветеринар мамандар да мұның қандай ауру екенін біле алмай отыр. Белгісіз дерт арық жылқыны да, семіз жылқыны да баудай түсіруде. Сондықтан түлігіміз арам өлгенше, сойып алған дұрыс деп жергілікті халық жылқыларды пышаққа жығуда. Әзірге қанша бас жылқының қырылғаны белгісіз. Алмасбек аға, жағдайды жоғары жаққа жеткізіп, белгісіз дерттің емін табуға көмектессеңіз екен, – деді Атырау облысы Құрманғазы ауданының Азамат есімді тұрғыны.

Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, былтырғы қуаңшылықтың салдарынан төрт түлік мал өсімдіктердің тамырын да талғажау етті. Ал топырақ астындағы тамырдың айналасында ұзақ жылдар бойы «ұйықтап» жататын аурулар болады. Мал қопсытып жеген соң, олардың бәрі жер бетіне шығып, желмен/шаңмен таралады. Белгісіз аурулардың қаптайтыны да сондықтан.


– Жұт жеті ағайынды деген осы. Былтырғы қуаңшылықта қаншама мал қырылды. Енді қуаңшылықтың салдарынан тарайтын аурулардан төрт түлікке тағы да қауіп төнді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар алдағы уақытта да орын алуы мүмкін. Атырау Маңғыстау өңірімен шекаралас жатыр. Бұл өңірде де белгісіз аурулар жайылуы ықтимал. Атырау өңірін жем-шөппен жеткілікті көлемде қамту керек деп аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовке де, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке де талай айттым. Біреуі құлағына ілген жоқ. Сондықтан қырылған малдың обалы осы екі азаматтың мойнында, – дейді Алмасбек Садырбаев.

«Шопан Ата» Агро қозғалысының жетекшісі су тапшылығы, жауын-шашын жеткіліксіздігі биыл былтырғыдан да қиын болатынын ескертеді.

Артқа оралу Келесі жазба