ҚАРАҒАНДЫДА ШАРУАЛАР ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТТІ

Оны «Шопан Ата» Агро қозғалысы мен «Ұлытау» фермерлер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Құрылтайға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Шопан Ата» Агро қозғалысының жетекшісіАлмасбек Садырбаев, мемлекеттік орган басшылары мен жергілікті шаруалар қатысты. Қатысушылар ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешудің жолдарын ұсынды.


Бұл ретте Қарағанды шаруаларын жайылым мен суға, субсидия мен несиеге, жем-шөпке қатысты мәселелер толғандырады.

– Саладағы проблемалардың қаншалықты өзекті екенін білеміз. Біз шаруалармен жүздесіп, мәселелердің оң шешілуіне мүдделіміз. Былтыр жем-шөп дақылдарын субсидиялай бастадық. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Жеңіс Қасымбек.


Құрылтайда ветериниялық дәрігерлердің мәртебесін көтеру, оларға лайықты жағдай жасау мәселесі көтерілді. Фермерлер ауылдық жерлерде штат санын көбейту қажеттігін атап өтті.


Ветеринарияны реформалау өте маңызды. Бірақ ол жергілікті атқарушы органдарға тікелей байланысты емес. Бұл мәселеҮкімет деңгейінде көтерілуі керек. Біздің, шаруалардың, мамандардың тарапынан сындарлы ұсыныстар жасалуы керек, – деді Алмасбек Садырбаев.


Сонымен қатар жиында ауыл шаруашылығы жерлерін алу үшін жастарға квота бөлу, бие сүтінен косметологиялық құралдар шығару өндірісін қолдау, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу, тамшылатып суару жүйесін дамыту, субсидияларды орта және шағын шаруа қожалықтар арасында бөлу бойынша ұсыныстар айтылды.


Бүгінде Қарағанды облысында 13 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Оның 12 мыңнан астамы мал шаруашылығына жатады. 17 млн гектардан астам жер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланып отыр. Жайылымның ауданы 35,5 млн гектарды, егіс алқабы1,3 млн гектарды құрайды.


Артқа оралу Келесі жазба