ҚАНТТЫҢ ҚОРЫ КӨП БОЛСА, БАҒАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТТАЙДЫ?

Үкімет қант бағасының өсімін мүлдем күтпеген, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

Соңғы бірнеше күнде қант бағасы күрт қымбаттап, өнімге деген сұраныс көбейді. Сауда орындарында ұзын-соңар кезек қалыптасып, ел ішінде дүрбелең пайда болды. Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың айтуынша, асабір дүрлігетіндей фактор болмаған. Тиісінше, қант бағасы өсуі мүмкін деген болжам да жасалмапты. Ол дүрбелең қолдан жасалғанын жеткізді.


Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербайдың мәліметінше, елімізде 90 мыңға жуық қант қоры бар. Оның 30 мың тоннасы тұрақтандыру қорлары мен сауда орындарында, 47 мың тонна өнім қант зауыттарында, 2,5 мың тоннасы Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорында сақталған. Ендеше қанттың көлемі жеткілікті болса, баға неліктен құбылды деген заңды сауал туындайды.


– Сұраныс өскендіктен баға да қымбаттаған. Мәселен, бес күннің ішінде бір ғана «Магнум» сауда желілерінде 540-550 тонна қант сатылыпты. Әдетте, мұндай мерзімде 170 тонна қант сатылып келген екен. Орын алған жағдайға байланысты жергілікті атқарушы органдар мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны негізсіз көтерген кәсіпкерлерге қатысты тексеру жүргізбек. Осыдан кейін баға тұрақтануы мүмкін, – дейді Е.Қазанбаев.

Артқа оралу Келесі жазба